Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романындағы Қартқожа бейнесі. Қарқожа бейнесі – халық тағдыры

Илясова Маншук Набиевна

Сыныбы:  11

Сабақтың тақырыбы: Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романындағы Қартқожа бейнесі. Қарқожа бейнесі – халық тағдыры

Сабақтың білімділік мақсаты: роман кейіпкерлерінің күрделі тағдыры. Қартқожа образы, оның рухани өсу жолы. Қартқожа тағдыры – халық тағдыры екендігін таныту.

Сабақтың тәрбиелік мақсаты: Қартқожа бойындағы адамгершілік ізгі қасиеттерді: білімге құштарлық, елжандылық, алған бетінен қайтпайтын қайсарлық қасиеттерін үлгі ете отыра, оқушыларды қашан да адам болып қалуға уағыздау.

Сабақтың дамытушылық мақсаты: Іздену, мәтінді меңгеру. Оны пайдалана отыра, басты кейіпкер туралы еркін пікір айтуға, ой түйіндеуге үйрету.

Сабақтың түрі: Жаңа материалды меңгерту.

Сабақтың әдісі: «Сын тұрғысынан» ойлау, Талдау, салыстыру, қорытынды жасау. Венн диаграммасы, ұқсастық-даралық қасиеттерін талдау, оқыту.

Сабақтың көрнекілігі: Интерактивті тақта, видео-материал,  сызба-плакат. Сабақ жоспары. Қартқожа болған жерлер картасы.

Пәнаралық байланыс: Тарих, география.

 

Сабақтың жүрісі

І. Ұйымдастыру.1. Оқушылармен амандасу, сабаққа қатысын тексеріп, көңіл аударту

ІІ. Өткен материалды еске түсіру

Оқушыларға қойылатын сұрақтар:

1.Жазушы жанұясы, ұрпағы туралы не білесіңдер? Қане, кім айтады? – делінді. Бұл сұраққа 1-оқушы былайша жауап берді:

— Ж.Аймауытов 1931 жылы 40 жасында қоғамдық-әлеуметтік істерге үлкен шығармашылық кезеңге бет бұрған шақта өмірмен қоштасады. Жазушының жанұясы жөнінде сөз қозғайық. Қаламгердің артында екі ұлы – Бектұр, Жанақ, қызы – Муза қалды. Үлкен ұлы Бектұр 1916 жылы туған, бірақ әкесі істі болғаннан кейін тағдыры беймәлім күйінде қалған. Екінші ұлы Жанақ 1920 жылы туған. Кейін Бішкек маңындағы Новопавловска деген селода тұрады. Ал Муза Жүсіпбекқызы Ақтөбе қаласында тұрады. Аймауытовтың жары Кириловна (1897-1987) жазушы ақталардан бір жыл бұрын өмірден өткен(Бұл туралы материалдар 1990ж.20.ҮІ. «Лениншіл жас» газетінде жарияланды. Авторы Рақымжан Тұрысбеков – филология ғылымдарының докторы).

  1. «Қартқожа» романының шығу тарихы, көтерген әлеуметтік мәселесі туралы кім шолу жасайды?

Сөзді 2-оқушы алды:

«Қартқожа» романы тұңғыш рет 1926ж. Қызылорда қаласында жеке кітап болып басылып шықты. Қазақ кедейінің өмірін, оның әлеуметтік арпалыстар кезіндегі сан қилы тағдырын эпикалық үлгіде көркем бейнелеуге арналған қазақ әдебиетінің алғашқы туындысы. Яғни, қазақ ауылының шындығын жұмсартпай, шынайы, кең тұрғыда суреттеген. Мысалы, 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалысының басталуы мен оның 1917 ж.ақпан төңкерісіне ұласуын, қазақтардың ел ішіндегі әлеуметтіе күрестерге араласуын «Алашорданың» құрылуы мен ақ әскерлердің большевиктерге қарсы күресін, қазан төңкерісі мен Азамат соғысының жеңістері роман оқиғаларына желі болып кірген. Шығарманың басты кейіпкері – Қартқожа, оның елі, жұрты. Олар осы оқиғалар барысында тартыста есейіп, есін жиып, ілгері басады, болашаққа ұмтылады. Елін, Отанын сүйеді. Осы қасиет тұстастарына жігер, рух береді.

Оқушылар пікірлерін жинақтай келіп, үй тапсырмасын қорытындылау.

ІІІ. Жаңа сабақ:

Ж.Аймауытовтың «Қартқожа» романындағы Қартқожа бейнесі, өсу жолы. Қартқожа бейнесі – халық тағдыры.

  1. Мұғалімнің кіріспе сөзі. Жанр мәселесі туралы. Роман деген не? Белгісі қандай?

Романдағы басты кейпкерді анықтау – ол Қартқожа.

  1. Шығарманы оқып, жүйелеп келген оқушыларды қатыстыра отыра, Қартқожаға мінездеме беру. Топтастыру стратегиясын қолдану.

Топтастыру стратегиясын қолдана отыра оқушыларға бұл алдын ала үйге берілген тапсырма бойынша мәтінде пайдалана отыра Қартқожа бейнесін шығару.

Оқушылар өз ойларын ортаға салды. Өздері тапқан қасиеттерді айтып, жазып тұрды. Сол қасиеттерді олар мәтіннен дәлелдемелерін айтып, оқып, тауып беріп отырды. Олар төмендегідей:

3-оқушы: — Қартқожа момын бала. Әке-шешесі де сондай момын адамдар еді. Мәтінде: «Жұман – момын адам. Кісіден тіленбейді, кісіге жағынбайды. Тірі пендеге зәбіір жоқ, қоңыр адам. Қуанышы – 3-4 қарғасы. Шешесі – момын, біртоға жан. «Қарағым, шырағым» дегеннен басқа бөтен сөзі жоқ»(188-бет).

4-оқушы: портреті де осы момын, сүйкімді бейнені береді. «Бір жапырақ қағазына үңілген бір бала отыр. Жасы 10-11 шамасы. Екі жеңі сауыс. Бетінің бір жағы сатпақ. Көзінің былшығы да тазармаған. Сол баланың қақ-соқпен ісі жоқ. Момақан, аңқау. Жасында болпиған, сүйкімді бір бала болады ғой. Сол бала осы»(186-бет).

5-оқушы: Қартқожа жасынан-ақ білімге құштар жас боп өсті. Қандай қиын кезең оның алдын тосса да, ол бағытынан қайтпады. Романда ол бірнеше жерде беріледі. Мәтінге құлақ түрейік: «Өзге бала алақтап, ойнап, өтірік ыңылдап, бірдемемен алданып отырғанда Қартқожа жалықпай қағазын шұқылап отырады» (157-бет).

Қашан да ол оқудан күдер үзеді. Ол арманға айналды. Бұл жай романда былай беріледі: «Түсінде де оқып жүретін еді» (194-бет). Немесе:  «Үшкөлге түсетін де күн болар ма екен. Жатсам да, тұрсам да ойлаймын… Әй, дүние-ай, — деп күрсінді. Жүсіпке еріп қалаға баруға сөз байласты»(198-бет).

6-оқушы:  — Қартқожа – намысты жан. Байлардан көргені қорлық-зорлық. Қай кезде де намысын қамшылап, кегімді алсам-ау» деп ілгері жетелейтін. Бұл ойы мәтінде былайша берілген. «Талайша қорлықты көрді. Көрген қорлық-зорлық толып жатыр. Осының бәрі Қартқожаны ойландырды. Дүние шіркін-ай! Кегімді алатын да күн болар ма екен! – деп ішінен зығыры қайнап жүрді», — (188-бет) деп келтіреді.

7-оқушы: — Қартқожаның жүрегі – жылы жан. Бауырмал. Қанша оқығысы келсе де үй шаруасы оңалмай жатқан соң, кете алмай жүр. Әжесін қадірлейді. Қартайған шақта оны зарлатып тастап кетуге қимайды. Ағасы Тұңғышбай да бұл кезде о дүниелік боп кетті. Енді оның балаларын жетімсіретіп тастап кеткісі де келмеді.

«Тұңғышбай кетсе не болдық? Ол кетсе, осынша жанның міндеті менде болады-ау. Оларды қалай асырап-сақтаймын» (201-бет) немесе «Тұңғышбайдың балалары жетімсіреп қалады ғой. Оқымай-ақ қояйын» — деген жолдардан бауырларының жолында өмір бойғы арманын да мансұқ етуге даярлығы көрінеді.

Міне, осылайша оқушылар өздерінің халдерінше әрі мәтінге иек артады, әрі кейіпкер бейнесін ашуға жұмылдырылады.

  1. Карточкалар арқылы мәтіннен үзінді бере отыра, кейіпкер бейнесінің кей қырларын тапқызу, ойтүйме жасау.

Оқушылардың бәрі бірдей жоғарыдағы оқушылардай өз ойын айтуға даяр болмайды. Бұлар –мұғалімненкөмек күтетін оқушылар. Сондықтан оларға роман мәтінінен үзінділер беріп, сол бойынша бұл кейіпкердің қандай қасиетін ашатындығын айтқызу орынды. Ол үшін бірнеше карточка даярладым. Олар төмендегідей:

 

№1

Әуелгі кезде қартқожа мылтықтың дауысын естісе, оқ тиіп жараланып қалдым ғой деп бұғып жата қалушы еді. жаралы кісі болып, жуырда басын көтермеуші еді. қимылдап көрсе, аман болады. Содан кейін мылтық дауысы шығысымен аяқ-қолын қимылдатып байқайтын болды.

(96-бет)

 

№2

Оқу жоқ. Сандалып жүріп Қартқожа бір танау Пашкаға малайлыққа тұрды. Пашка – жүзге тарта жылқысы бар, үй салдырып жатқан бай орыс. Қартқожа қора тазалайды, ат суарады, су әкеледі, отын жарады. Тақтай да тіліседі. Көзі ұйқыға барғанша дамыл көрмейді.

(107-бет)

 

№3

Өз елі, өз ауылы қандай болды екен? Соларды көрсем, көмегімді берсем, сонда менің жетілгенім. Әйтпесе мен не үшін кім үшін оқып жүрмін. Өз басымның қамымен кетсем, менің оқығанымнан елге не пайда?

(143-бет)

 

№4

Қызды өгей шешесінен сұрап алды. Оған жолдастары: — Атың бір жерде, арбаң бір жерде қалды. Өзің жаяу келе жатырсың. Бұл қызды қайтпексің? Әй, Қожанасыр! –десті.

—         Күлмеңдер. Несі бар? бұл да өзіміздей кісі. Бұл қарындасымды аман болса, адам қыламын,- деп Қартқожа қыздың басынан сипады.

(137-бет)

 

Оқушылар мәтінде оқып, Қартқожаның бойындағы қасиеттерді сөз етті. №1-жұмыста аңқау, надандығын, №2-де неге де болса көнбіс, еңбекқор жан екенін айтса, №3-де елін сүйетіндігін, №4-де бауырмал, мейірімді жан екенін айтып өтті.

  1. Қартқожа бейнесін жинақтау. Оқушылардың ой түйіндеулерін, тұжырымын тыңдау.

Оқушыларға қорытынды сөз берілді.

8-оқушы – Ел ішінде аптық жік, әділетсіздік бар еді. Ол кедейлр өмірі арқылы айқын танылды. Қартқожа да есін жия осыны көрді өзіне әділетсіздік жасаған бай балаларын, әкесінің әлділерден көрген қорлығын ойына түйіп өсті. Әлділерге қарсылық көрсететін дәрмен өзінде де, әкеде де жоқ еді… Ендігі оның арманы орысша оқу болды. Уфа медресесінің шәкірті Жүніске кездесу ғана оны арманға жетеледі. Осы кездесуден бастап Қартқожа алдына жаңа мақсат қойды,  оқуға құштарлығы артты. Сол арманға жетуге іштей даярланды.

9-оқушы – Қартқожаның рухани өсуіне жол ашқан – солдат өмірі. Ол бейтаныс ортада өмір кешеді, өзін қараңғыдан жарыққа шыққандай сезінеді. Оның көзін ашып, оң мен солын тануына орыс досы – Андрей себеп болады. Енді Омбыдан оқудан қайтқан Қартқожа кедейліктен құтылуды емес, халқын надандықтан құтқарудың жолын ойлады. Ж.Аймауытов кеңес үкіметін орнатуға қатыспағанымен, өмір талқысынан өтіп, шындықты іздеген жаңа қаһарманды жас кеңес әдебиетіне қосты.

  1. Үнтаспадан жазушының қорытынды бөлімінен үзінді жіберу.
—         Сөз емес, іс керек. Жоғалсын бас қамы! Құрысын надандық! Жасасын жұртшылық! Жасасын елге еңбек қылған ерлер!

 

Үнтаспадан Қартқожаның ең соңғы (романның соңындағы) жігерлі сөзі жіберілді.

 

 

  1. Шығармадағы кей жайларды бүгінгі өмірмен салыстыру. (Оқушы пікірі)

Қартқожа мен біздің заманымыз арасындағы ұқсастық романда қалай сөз болатыны жөнінде пікір айтуға 1-2 оқушыға тапсырма берілген, солар сөйледі (салыстыру стратегиясы бойынша).

10-оқушы: — Романның-134-бетінде «Жолсыздық көп. Пара алу көп. Базардағы қазақтарды пұлмен ұстап, талайын пара алып шығарып жатыр» деген жолдарды кездестірдім. Осындай олқылықтар біздің бүгінгі өмірімізде де қайталанып отыр,- деді.

11-оқушы: -Романның 133-бетінде автор былай деп толғанады. «Оқыған кейбір азаматтың саудагер болып кеткеніне Қартқожа ішінен наразы болып жүрді», — деп жазады. Ал бұл көрініс біздің де басымызда бар. өз пәнінің нағыз шеберлері бұл күнде мұғалімдікті тастап, саудамен айналысып кеткені турал мәселелер жиі айтылуда.

12-оқушы: — Романнан «Қазақ байлығы жат саудагерлердің қолына сусып бара жатқанын ұқтырады,- деген жолдарды оқи отырып(133-бет), сол фактілердің біз өмір сүріп отырған заманда мол етек алып отырғанын қынжыла айтты.

ІҮ. Сабақты қорытындылау.

Оқытушының қорытынды сөзі: Ұзақ жылдар бойы жазықсыз жапа шегіп, есімдері атаусыз қалған қазақ зиялылары ақталып, туған халқына қайта оралды. Олардың шығармалары төл әдебиетіміздің керегесін кеңйетті. Біз талдап отырған «Қартқожа» — сондай шығарма. Мұнда бас кейіпкеріміздің өсу жолын көрсету арқылы қаза даласындағы ұлы өзгерістерді шынайы суреттеген. Бар қиындықты жеңген Қартқожа «Кім» атты бөлімде ұлы көшті бастап келе жатқан қазақтың оқыған азаматтарыың өкілі ретінде көрінеді.

Бүгінгі сабаққа қатынасып, біршама ізденіспен келген өз пікірімен сабаққа үлес қосқан оқушылардың барлығына мұғалім өз ризашылығын білдірді.

Ү. Бағалау.

ҮІ. Үйге тапсырма:

Қартқожа бейнесі. Жазушы тілі туралы айтуға даярлық. Романнан мақал-мәтелдерді, шұрайлы тіркестерді теріп жазу. Әдет-ғұрып, салт-дәстүр элементтерін тауып келу.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *