Күлкі – барлық қиындықтарды жеңу үшін берілген табиғи құрал

«Күлкі адамға тиімді басқаруға, нәтижелі оқытуға және сауданы табысты жүргізуге көмектеседі. Ол балаларды анағұрлы бақытты етіп тәрбиелейді. Сондықтан да оқу барысында жазалаудан гөрі ынталандыру әдісін анағұрлым тиімді қозғаушы күш болып табылады.»

профессор Джеймс Макконел

 Күлкінің ешқандай құндылығы жоқ секілді көрінгенімен, мүмкіндігі зор. Оны алған адам байи түседі, берген адам ешнарсе жоғалтпайды.  Күлкі бір мезеттік, дегенмен, адамның есінде мәңгілік қалады. Оны қажет етпейтін адам баласы жоқ. Жадыраған көңіл-күй кез-келген үйді бақытқа толтырады. Тіпті, күлкінің шаршағандарға күш, қорыққандарға батылдық, қайғырғанға қуаныш сыйлайтын күші бар. Күлкі – барлық қиындықтарды жеңу үшін табиғаттың жаратқан құралы. Оны сатып алмайсың, ешкімнен сұрап та, ұрлап та ала алмайсың, өзгелерге бағытталғанда ғана ол өз күшіне енеді. Ол осынысымен де құнды.

Шындығында әрбір үйді ұстап тұрған жылы шырай мен ашық жарқын қабақ десек қателеспейміз. Ата-ананың күлкісі мен шаттығына бөленіп өскен бала анағұрлым бақытты.

Бізге денсаулықты нығайтатын күшті құрал ретінде күлкі берілген, бірақ біз оны мүлдем қолдана алмаймыз. Тіпті, мәдениет талаптары күлкіге шектеу қойып, оны әдептен тыс деп санайды.

Заманымыздың заңғар тұлғасы Ұлы Абай атамыздың «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген сөзін еске түсірер болсақ, күлкінің қаншалықты бағалы дүние екендігіне көз жеткізе түсеміз.

«Жақсы күлкі – рухани денсаулықтың сенімді белгісі», – деп Максим Горкий айтпақшы, күлкінің басты байлығымыз – денсаулығымызға тигізер ықпалы туралы таратып айтқанды жөн санадық.

«Адамға күлкі не үшін керек?» деген сауалға жауап іздер болсақ, оның жауабы төмендегідей өрбімек:

 

  1. КҮЛКІ – емдік қасиеті бар күшті табиғи құрал. Адам күлгенде ми «бақыт гормондары» деп аталатын эндоферин бөледі.
  2. КҮЛКІ – иммундық жүйені нығайтып, эндокриндік жүйенің жұмысын жақсартады.
  3. КҮЛКІ – жүрек ауруларының алдын-алуға көмектеседі.
  4. КҮЛКІ – тыныс алу процестеріне дұрыс әсер етіп, оны белсендіре түседі.
  5. КҮЛКІ – ерте қартаюдың алдын алып, адамды жасартады және өмірді ұзартады.
  6. КҮЛКІ – стресті жойып, адамды босаңсытады.
  7. КҮЛКІ – көңіл-күйдің барлығын жеңілдететін күшті психотерапиялық құрал.
  8. КҮЛКІ – қорқыныш сезімін жеңуге және батылдыққа үйретеді.
  9. КҮЛКІ – адамның өзін-өзі еркін ұстауға көмектеседі.
  10. КҮЛКІ – стереотиптерден құтылуға көмектеседі, жаны мен тәнін икемдей түседі.

 

Ежелгі қытайлықтар өмірді терең түсіне білген. Оларда мынадай мәтел болған : «Дүкен ашқың келсе, алдымен күлімдеуді үйрен».  Мұны сіз де, біз де жаттап алуымыз керек.

Сіздің күлкіңіз өзіңіздің жақсы пиғылдарыңызды көрсетеді. Күлу үшін көңіл-күйіңіз жоқ болса да, өзіңізді бақытты адамдай ұстаңыз, сонда көңіл-күйіңіз көтеріле түседі.

Сіздің күлкіңізді көрген адамдардың өмірі жайдары болады. Ол жұмысқа салынған, клиенттермен, мұғалімдерімен, ата-анасымен немесе балаларымен қиындықтары бар адамдарға көп пайдасын тигізеді. Сіздің күлкіңіз оларға алда үміт барын, өмірде әлі талай бақытты шақтардың болатының түсінуге көмектеседі.

Бала тәрбиесінде көпшілік ата-аналар қаншалықты қатал ұстасам, соншалықты тәртіпті болады деп ойлайды. Бірақ оның салдарынан керісінше балаға агрессия, аффект күйлерін бере отырып, баланың бойында девиантты мінез-құлықтар жиі қалыптасып жатады. Бұл тұрғыда ата-аналар балаларына орынды талап қоя отырып, мейлінше мейірімге қандырып өсіруге талпынуы тиіс.

Психологтардың дәлелдеуі бойынша, ата-анасының мейіріміне бөленіп өскен бала ешқашан дөрекілік танытпайды. Оларға ең керектісі – тек қамқорлық, жан-жылуы ғана. Әрбір бақытты сәтті бағалай біліп, балаңызды да соған үйреткеніңіз абзал. Өз отбасында ата-анасынан осындай жылылықты сезінген әрбір бала өзінің Отанына, Туған жеріне де зор сүйіспеншілікпен қарап, оны қорғау жолында да бар күш-жігерін аямайтын болары анық. Яғни, бір ауыз сөзбен айтқанда, мейірімге бөленіп өскен баланың болашағы да жарқын болары анық.

 

Гүлсінай Ниятова Есенбекқызы

Т.Рысқұлов атындағы №24 жалпы орта

мектебінің педагог-психологы

Кентау қаласы

Түркістан облысы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *