Кәсіби тілді меңгертуде оқушылардың тілдік біліктілігін, сауаттылығын қалыптастырудың тиімді жолдары

Елінің атымен аталатын халықтың даралығын, өзіндік белгісін айқындап, оның тұрмыс-тіршілігін танытатын, отандастарының тарихи бірлігін, мәңгілік тұтастығын әйгілейтін ең басты факторлардың бірі және бірегейі тіл болып табылатынын қоғам дамуының дүниежүзілік тәжірибесі де, сара жолда сенімді келе жатқан әр елдің бүгінгі болмысы да толық дәлелдеп отыр. Қазақ елі үшін мұндай сыйға лайық, құрметтеуге тұратын мемлекетіміздің бас тілі – қазақ тілі екеніне дау болмаса керек. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығының арқасында мемлекеттік тіл мәртебесінің артып, биік талап деңгейіне жетуі жолында, қолданыс аясының бар мүмкіндігін ашып, өмірдің барлық саласында пайдалануды жүзеге асыру мақсатында көптеген бағдарлама-жоспарлар қабылданып, үлкенді-кішілі шаралар жүзеге асуда.[3, 30-бет]

Адам тәлім-тәрбиесіз, өнер-білімсіз, іс-әрекетсіз өмір сүрмек емес. Сол өмірінде ол өзін қоғамнан тыс жүрген жанмын демей, ата-ананың ұл-қызы болғандықтан, халықтың, Отанының ұл-қызымын деп есептейді. Кісіні сондай саналы ойға баулитын, еңбек процесіне белсене қатысуға мүмкіншілік тудыратын қарым-қатынас құралы – ұлы мәртебелі сол ана тілі. Кісі білімді, тәлім-тәрбиені тіл арқылы алады, мәдениетті, өнерді, ғылымды, техниканы тіл арқылы үйренеді. Тіл – ұлт ерекшеліктерінің бірі, ұлт мәдениетінің бір формасы. Сондықтан онда әрбір халықтың ұлттық сана-сезімінің, ойлау тәсілінің, мінез-құлқының нысаналары сақталады. Халықтың сондай ерекшеліктері, мәдениеті, әдет-ғұрпы, әдеби мұралары, оның психикалық қалпы тіл арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады. [4, 28-29-бб].

Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында:  «Білім беру жүйесінің басты мақсаты – ұлттық және жалпыадамзаттық мәдени құндылықтар негізінде жеке тұлғаның қалыптасуына қажетті жағдай жасау» ,- делінген. Осы міндеттерді жүзеге асыруда басты нысана – білім сапасы. Сапалы білім беру педагогтардың шеберлігі мен іскерлігіне байланысты. Ал педагогикалық шеберлік пен іскерлікті дамытуда жаңа технологияны қолданудың маңыздылығы зор. [1]

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында «Жедел дамып келе жатқан ортада өмір сүруге қабілетті;  ұлттық тілді, тарихты жетік меңгерген, отандық мәдениетті бойында қалыптастырған; шығармашылығы дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру», —  деп атап көрсеткен болатын. [2]

Олай болса, бүгінгі білім – қоғамның әлеуметтік-экономикалық, интеллектуалдық және рухани дамуының стратегиялық бағдары ғана емес, сонымен қатар біздің қоғамымыздың қауіпсіздігінің кепілі. Білім саласындағы жаңа технология аса қажетті педагогикалық мәселелердің шешімдерін табуға, ой еңбегін арттыруға, оқу процесін тиімді басқаруды қамтамасыз етеді. Жаңа технология – сапалы оқытудың тиімді тәсілі. Жаңа технологияларды оқыту үрдісінде қолданудың негізгі ерекшелігі  ол — оқытушылар мен оқушыларға өз бетімен және бірлесіп шығармашылық жұмыс жасауға көп мүмкіндік береді және оны педагогикалық мақсатта пайдалану оқушылардың зердесіне, дүниетанымына, көзқарасына әсер ете отырып, оның интеллектуалдық қабілеттілігі мен мүмкіншіліктерін арттыруға көмектеседі.

Осы орайда  қазақ тілі, кәсіби қазақ тілі пәндері бойынша шығармашылық жұмыс түрлерін көбірек ұсыну, мәтінді түрлендіре отырып түрлі тапсырмалар орындату, ойын түрлері, топтық жұмыс, деңгейлік тапсырмалар  беру жұмыстары өз нәтижесін беріп келеді. Қазіргі жас ұрпақ өз Отанына адал қызмет ететін талабы мен біліктілігі, білімі мен мәдениеті жоғары, бәсекеге қабілетті, әлемдік өркениетке ұмтылған, мемлекеттік тілді жетік меңгерген, өз пікірін еркін айта алатын маман болуы қажет. Осы талапқа сай оқушылардың белсенділігі мен танымдық іс-әрекеттері арқылы шығармашылығын, ойлау-ізденіс қабілеттерін дамыту, қажетті жағдайда айрықша шешім қабылдай алатын жеке тұлғаны қалыптастыру, осыған орай оқытудың жаңа технологияларын енгізе отырып, білім беру мен тәрбиелеу  — бүгінгі оқытушыларға қойылатын басты міндет.

Осы орайда, колледж оқушыларына кәсіби қазақ тілін оқытуда төмендегідей педагогикалық әдіс-тәсілдерге сүйене отырып, жұмыс түрлерін жүргізуге болады:

-тілдік әдістер (әңгіме, дәріс, семинар, топтық оқыту, жұптап оқыту);

— көрнекілік әдістері (бейнематериалдар, көрсетілім, таныстырылым);

-тәжірибелік әдістер (жаттығулар, тәжірибе жасау, өзіндік жұмыс, түрлі бұйымдар (постер, кластер, буклет) жасау;

-репродуктивтік әдістер;

-проблемалық-ізденушілік әдістер;

-өзіндік талпыныс әдістер.

    Кәсіби қазақ тілі орыс тілді топтарға жүргізілетіндіктен оқушыларға қазақша дұрыс сөйлеуге, оқуға, сауатты жазуға, бір-бірімен қарым-қатынас жасауға (айтылым, жазылым, оқылым, сөйлесім әрекеттері) үйрету, ойлау қабілетін дамыту және олардың  өз ойын қазақша жеткізе алатындай болуы көзделеді. Қандай істі болмасын, жүзеге асырудың әдіс-тәсілдері мен көмекші құралдары болады. Осыларды дұрыс таңдап, тиімді пайдаланғанда ғана мақсатқа жете аламыз.

     Сабақтың тартымды, қызықты, әрі сапалы болуы әр оқытушының кәсіби  шеберлігіне байланысты, сондықтан тапқырлықты, көп ізденуді қажет етеді. Осы мақсатта сабақта әр түрлі әдіс-тәсілдерін пайдаланып, сөйлеу жаттығуларын, ойын элементтерін, сондай-ақ, жеке көрнекіліктерді жиі қолданған жөн. Сондай-ақ, оқытуда түрлі жұптық, топтық жұмыс түрлерін қолдана отырып, тапсырмаларды түрлендіре отырып орындату керек.

Қазіргі таңда педагог қызметкерлердің алдына қойылған мақсат – оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияларды меңгеру.         Кәсіби қазақ тілі пәні сабағын оқытуда жаңа технологиялардың элементтерін қолдана отырып, деңгейлеп оқыту технологиясына ерекше көңіл бөлу қажет. Өйткені бұл технология баланың жеке мүмкіндігіне, жеке тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған.

    «Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау» технологиясына негізделген әдістегі мақсат оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыру, ойлау белсенділігін, тапқырлығын, өзіне деген сенімділігін, іскерлік  дағдысын қалыптастыру болып табылады. СТО технологиясын қолдану барысында бұрынғы білім мен жаңа ұғым ұштастырылады. Оқушы өз шығармашылығы арқылы жеке қабілетін таныта алады. Мұнда оқушыға ойланып-толғануға уақыт беріледі, демек, ойын жеткізу үшін оқушы шығармашылығын қалыптастыра алады. «Мен нені үйрендім?» және «Мен нені білгім келеді?» деген сұрақтарды есінен шығармағаны жөн. Сын тұрғысынан ойлау технологиясы бойынша сабақ құрылымы қызығушылықты ояту, мағынаны ажырату, ой толғаныс кезеңдерінен тұрып, әр кезеңдегі тәрбиелік және оқу мақсаттары әр түрлі стратегияларды қолдана отырып, алға мақсат қою, мәселені зерттеу, жауап іздеу, оқушылардың өз ойларын ашық айта білуге тәрбиелейді. «Қызығушылық таныту», «Мағынаны тану» кезеңінде оқушыларды топқа бөлу арқылы сұрақтар дайындап, оны мазмұны, стратегиясы арқылы жүзеге асыруға болады. Сұрақтар үш деңгейде дайындалады, оқушылар өз ойларымен жауап береді, бұл сұрақтар оқушылардың деңгейіне сай топтастырылады. Осы кезең тапсырмалары бойынша жұмыс істеу арқылы қорытынды шығаруға болады.

СТО технологиясының келесі бір кезеңі – «ой толғаныс». Осы кезеңде оқушылар шығармашылық қабілеттерін танытуға тырысып бағады. Ал енді «Венн» диаграммасын қолдану арқылы тақырыптардың ұқсастығы мен айырмашылығын дәлелдеп көрсетуге ұмтылады. Осы кезеңде оқушылардың тілдік дағдыларын қалыптастыру мақсатында сабақ тақырыбына байланысты, пікірсайыс өткізуге немесе «5 жолдық өлең» (синквейн) жаздыруға болады. Мұнда ынталанбайтын оқушы болмайды деуге болады, соның өзі оқушының сабаққа деген қызығушылығының артқаны болып табылады.

    Бүгінгі заманның әлеуметтік-экономикалық жағдайында оқушылардың білім деңгейін көтеру белгілі бір дәрежеде жеке тұлғаның өзін-өзі жан-жақты танып білуі мен қалыптасуына жағдай жасауға бағытталған. Оқытушы жаңаша ізденіспен әрбір сабаққа оқытудың тиімді әдіс-тәсілдерін енгізіп отырса, бүгінгі ұрпақтың сапалы білім алуына зор ықпал етері сөзсіз.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңы
  2. Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауы

3.М.Серғалиев. ТІЛІМ МЕНІҢ – ТІНІМ МЕНІҢ: Мақалар, баяндамалар. Алматы: «Сардар» баспа үйі, 2013.

4.М.Балақаев., М.Серғалиев. Қазақ тілінің мәдениеті. Оқулық-Алматы: «Дәуір-кітап», 2013 ж.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Перейти к верхней панели