Сөйлеу тілінің жалпы дамымауының ерекшеліктері және оны түзету

Джумабаева Мамик

Сөйлеу тілінің жалпы дамымауы – есту қабілеті мен зияты әдеттегідей дамыған балалардың дыбыстық, мағыналық жағына қатысты сөйлеу тілі жүйесінің барлық компоненттерінің қалыптасуының бұзылуынан  болатын әртүрлі күрделі тіл кемістіктері.

Жалпы сөйлеу тілінің дамымауын (ЖСТД) Ресейлік дефектология ғылыми зерттеу институтының Р.Е.Левина бастаған ғалым қызметкерлер (Н.А.Никашина, Г.А.Каше, Г.И.Жаренкова және т.б.) 50-60-шы жылдары мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балалардың  тіл кемістіктерін жан-жақты зерттеулердің қорытындысының нәтижесінде ғылыми тұрғыдан негіздеді.

Дыбыстарды айтуының бұзылуы, фонематикалық есту қабілетінің дамымауы, сөздік қоры мен грамматикалық сөйлем құрылымының артта қалуы жалпы сөйлеу тілі дамымаған балалардың барлығына тән кемшілік.

Сөйлеу тілінің жалпы дамымауының шығу себебі: баланың құрсақтағы және жас кезіндегі жетіліп келе жатқан миына әртүрлі келеңсіз жәйттердің тигізетін зиянының нәтижесінде орталық нерв жүйесінің органикалық зақымдануынан болады. Бұл көбінесе толғақ қызуының келеңсіз жағдайларына мүмкіндік жасайтын ұзаққа созылған қатты инфекцияның, оттектің жетіспеушілігінің,интоксикацияның, жүктілік кезіндегі токсикоздың және басқа да бірқатар жәйттердің нәтижесінде құрсақтағы зақымдануынан болады. Бұндай жағдайлардың көбінде бала туылған кезде асфиксия пайда болады және шала туады.

Сөйлеу тілінің дамымауы әртүрлі деңгейде кездеседі. Р.Е.Левина жалпы сөйлеу тілі дамымауын үш деңгейге бөледі.

Сөйлеу тілінің жалпы дамымауының бірінші деңгейінде тілдің мүлде қалыптаспауы  байқалады. Бұл деңгейдегі балалардың кісімен тілдескенде анық байқалатын тіл кемістіктері мынандай болып келеді: былдырлап сөйлейді, жеке дыбыстарға еліктейді, сөйлемді былдырлап мүлде түсініксіз етіп үзіп-үзіп айтады, сөйлемде дыбыстар анық айтылмайды, әрі тұрақсыз, құбылмалы келеді. Олар айтайын деген ойын қолдарын ербеңдету арқылы ымдап түсіндіруге тырысады. Сөйлегенде көбінесе 1-2 буыннан тұратын сөздерді ғана қолданады. Буындары көбірек қиын сөздерді айтқан кезде оның 2-3 буынына дейін қысқартылып, түсіп қалады. Мысалы: жұмыртқа- ұтқа, домбыра- дома.

Ата-анаға нұсқау: балаға теледидар, ұялы телефон, планшет бермеу. Баламен көбірек сөйлесіп, суреттермен жұмыс жасап, ата-ананың сұрауы бойынша бала заттарды көрсету керек. «Мен айтамын, сен көрсет», «Сөзді есіңде сақта, сен көрсет», «Бір-көп» ойындарын ойнай отырып баланы сөзге тартамыз. Сонымен қатар невропатолог дәрігерінен ем алу қажет.

     Сөйлеу тілінің жалпы дамымауының екінші деңгейінде ымдау мен былдыр сөздерден басқа бұрмаланған болса да айтарлықтай тиянақты жалпы қолданылатын сөздер пайда болады. Мысалы: Қыс. Балалар шана теуіп жүр. (Қыт. Бадя тана теп дүй).

Олар өздерінің үй-іші туралы, өзі және достары туралы, айналасында болып жатқан тіршілік туралы емін-еркін әңгімелеп бере алады. Қысқа әңгіме де құрастырады. Бала сөзді емін-еркін қолданып сөйлегенімен, сөйлеу тілі дұрыс дамыған құрдастарына қарағанда, өздігінше сөйлем құрау кезінде үлкен қиындық көреді. Бала өз бетінше еркін сөйлесіп отырған кезде заттың белгілерін, күйін, қимыл іс-әрекетін білдіретін сын есім мен үстеу сөз таптарын аз қолданады. Көп балалар жаңа сөздерді қолданған кезде қателерді жиі-жиі жібереді. Осыған ұқсас қателер тілдері жаңа шығып келе жатқан, дендері сау балаларда кездесуі мүмкін, бірақ олар тез арада жоғалып кетеді.

           Сөйлеу тілінің жалпы дамымауыны үшінші деңгейінде баланың сөйлеу тіліндегі дыбыстардың барлық түрлерінің дұрыс айтылмауы әлі де байқалады (сигматизм, ротацизм, ламдацизм, үндестік ақаулығы, ұяңдануы).

Сөздегі дыбыстардың түсіп қалатын тұрақты қателері, ең қиын сөздердегі буындардың бұзылуы байқалады. Мысалы: велосипед – сипед, сасипед, милиционер – мисонед, мисинел.

     Фонематикалық естуі және түйсіну қабілетінің нашар дамуының салдарынан баланың сөздің дыбыстық құрамын  талдау және топтау дағдылары өз бетінше қалыптаспауы байқалады,  сондықтан  балаға логопедтің көмегі көрсетілмесе, кейін мектепте сауатын ашу кезінде балаға қиын болады. Осының  салдарынан балада мектепке барған мезгілде дисгофия, дислексия байқалады. Диктант жазу мегілінде қалай естісе солай жазып көп қателер жіберетін болады. Осының бәрі болмас үшін дер кезінде қолға алған дұрыс. Баламен әр-түлі суреттер арқылы заттардың атауын, оларды бір сөзбен қалай аталуын. Сериялық суреттер бойынша әңгіме құрауға. Фонематикалық естуін жақсарту мақсатында әр түрлі дыбыстарды естіртіп, ол қандай дыбыстарды естіді соны сұрау. «Сөзді жалғастыр» ойыны арқылы балаға сөз соңында қандай дыбыс естісе сол дыбысқа сөз ойлап ары қарай жалғастыру. Мысалы: доп-парта-айран-нан т.б. әр түрілі сөздерге 2-3 сөзден тұратын сөйлемдер құрастырып сөздік қорын көбейту. Мысалы: «алма» сөзіне. Алма қызыл. Алма ағашта өседі. Мен алманы жуып жедім.т.б. Сонымен қатар невропатолог дәрігерінен көктемде және күзде ем алуына және логопед, дефектолог мамандарының көмегіне жүгінуіне нұсқау беріледі.

Қорытындылай келе егер баланың сөздік қорының аз екендігін байқаған жағдайда уақытылы Қалалық ПМПК- ға жіберіп, комиссиядан өткізіліп арнайы балабақшаға жіберілген жағдайда, дер кезінде балаға көмек көрсетіледі. Сөйлеу тілінің жалпы дамымауы бар балалардың сөздік қоры мен грамматикалық сөйлем құрылымының, фонематикалық есту қабілетінің дамымауын байқалған кезде міндетті түрде балалардың жас ерекшелігімен даму деңгейін ескере отырып біріншіден тыныс алуын, екіншіден тілінің артикуляциясын жаттықтыру және ұсақ моторикасын дамытуы ескеріледі.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *