Қамшы өру және жасау

Байшуақов Нағымедулла Сахиұлы

Сабақтың тақырыбы: Қамшы өру және жасау.

Сабақтың мақсаты: Оқушыларға иленген теріден қамшы өруді меңгерту.

Білімділік мақсаты: Балалардың теориялық білімін арттыру, таным-түсініктерін кеңейту,

шығармашылыққа баулу.

Дамытушылық мақсаты: Эстетикалық талғамымен ұйымдастырушылық ойлау

қабілеттерін дамытып,ізденімпаздық, еңбекқорлық іс-әрекетін қалыптастыру.

Тәрбиелік мақсаты: Халқымыздың өнерін,салт-дәстүрін бағалай білуге, өнер адамдарын құрметтеуге, әсемдікке, ұқыптылыққа, төзімділікке баулу.

Көрнекіліктер: слайдтар, суреттер, бұрын жасалған дайын бұйымдар.

Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, теориялық сабақты практикамен байланыстыру.

Пәнаралақ байланыс: тарих, қазақ тілі, бейнелеу.

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі:

Өткенді қайталау. «Ыстық орындыққа отырғызу арқылы.»

Жаңа сабақ. Дәптермен жұмыс.

Бейне көрініс.

Практикалық жұмыс. ЕҚЕ еске салу.

Сабақты қортындылау,бекту.

Оқушыларды бағалау

Үйге тапсырма беру.

І.Сәлемдесу, түгендеу.

ІІ.Қызығушылықты ояту, өткенді тексеру.

-Киіз үй сүйегін ата.

-Киіз үйдің есігі қалай аталады?

-Шаңырақ ортасындағы керме ағаштар қалай аталады?

-Киіз үйдің түндігін кім ашқан?

-Киіз үйдің ішіндегі жиһаздарды ата?

-Теріден жасалатын қандай ыдыстарды білесің?

-Теріден тігілген киімдерді ата?

-Тулақ қандай мал терісінен жасалады?

Жылқының суретін көрсете отырып сұрақтар қою арқылы жаңа сабақтың тақырыбын ашамын.

ІІІ. «Теріден бұйым жасау. Қамшы өру технологиясы»

Қазақ халқының мәдени-тұрмысында, салт-дәстүрінде, рухани зердесінде қамшының алатын орны ерекше.Қамшы өнер туындысы, сый-сыяпаттың төресі, ержігіттің серігі, айбыны, шаңырақтың киесі, тіпті кейде батырдың қаруы да болған. Оны жай ғана ат айдайтын құрал дей салуға болмайды.Бұл қолөнер туындысы, атадан балаға мирас болып қалатын асыл мұра. Ата-бабаларымыз қамшысы арқылы өз көз қарасын, ниетін, қарым-қатынасын білдірген, біз мұны қамшыға байланысты ой орамдармен тарқатып, түсіндірсек:

1.Қамшысының ұшын да бермеді. Бұл «болыспады», «жәрдемдеспеді», «жамандық, опасыздық істеді», -деген мағынаны білдіреді.

2.Басына (төбесіне) қамшы үйірді (ойнатты). Мағынасы: Қорқытты, сабауға ыңғайланды, қорлық,зорлық көрсетті, басынды.

3.Дау төрт бұрышты, қамшы екі ұшты. Бұл сөз «даудың себебі әр қилы, бірақта шешімі не «ақ», не «қара» болады» деген ойды меңзейді

4.Қамшысын білемдеді. Қамшысының сабы мен өрімін қосып, екі бүктеп ұстауды бейнелейді. Мағынасы: қыр көрсетті, жұдырық көрсетті,қоқаңдады, кіжінді.

5.Қамшы түтеді. «Қамшы жауып кетті», «Соққылаған қамшы жауды» деген мағынаны білдіреді.

Халқымызда «қамшықайтару» деген салт бар.Дәстүр бойынша қыз айттыруға келген жігіт жағының басшысы (жігіттің әкесі,не болмаса сол келушілердің басшысы т.б) қыз үйінің төріне іліп кеткен. Егер қыз әкесі келісімін бермесе,көп ұзамай қамшыны иесіне қайтарып беріп жғберген.

«Қамшы ойыны» болған онда төрт жағынан керілген өгіз терісін қамшыменен бір тартқанда тіліп түсіру.Бұл білек күшімен қамшының мықтылығын білдіреді.

Қамшылар жасалуына, қолданылуына байланысты бірнеше түрге бөлінеді. Оның әрқайсысының атқаратын қызметі, мақсаты, мағанасы бар.

1.Сүндет қамшы. 5.Неке қамшысы. 9.Баптау қамшы.

2.Бәйге қамшы. 6.Соп қамшы. 10.Аңшы қамшы.

3.Көкпар қамшы. 7.Үйір қамшы. 11.Барымта қамшы.

4.Дойыр қамшы 8.Ноғай қамшы 12.Бәсіре қамшы.

Өрім түрлеріне келсек: Үш өрімнен бастап қырық өрімге дейін өрілген.

1.Үш не төрт өрім.Ол қайыстан өрілген, бәйге қамшыға қолайлысы.

2.Алты өрім.Осы орайда «Әй, алты өрім бұзау тіс, көп былжырамай аттан түс!» деп өрімшілер көп айтатын.

3.Сегіз өрім, төрт қырлы. Бұл мал айдауға қолайлы қамшы. Осы өрімді соп, үйір, ноғай қамшыларға да қолданған.

4.Он екі өрім. Сәндікке лайықты қамшыда пайдаланылады.

5.Қырық өрім.Оған тарамыс қолданылады.Өрімшілер арасында қайыс таспадан қырық өрімді де жасағандар болған.

 

Өрім технологияасы. Иленген теріні үш елі етіп кеседі,ұзындығын оның саласына қарай сыдырғыдан өткізеді,жалпақтығын,енін,қалыңдығын реттейді. Осындағы сыдырғыны үш тұтам тобылғыдан жасап алады.Өрім әбден дайын болғанда оған алақан жасайды,ол тобылғы сапты,қамшыға бауырмен өрілуге тиісті.Бауырын тобылғыға орап ұстатқан қамшының атауы—«Қазақтың ала қамшысы».Онда алақанның екі –үш түрі болады,және түзу де жылан бас етіп жасалады.

 

Қамшының негізгі бөлігі. Ол үлкен екі бөліктен тұрады: өрімі және сабы.Қамшы сабы көбінесе 4-7 тұтам тобылғыдан,еліктің сирағынан,киіктің мүйізінен жасалып,барынша әсемделеді.Оның терімен қапталған қолға ұстайтын бөлігі—тұтамы (тұтқасы),оған тесіліп өткізген қайыс таспа—бүлдіргісі деп аталады.Шеберлер қамшы сабына ерекше көңіл бөліп, оны жез бауырлап ,мойнақтап,металмен,былғарымен,қайыспен орап тастайды.Қамшы өрімі алақанынан саптық мойынға бүркеншік арқылы жез,мыс шегелермен тойтарып бекітіледі немесе таспа арқылы мойнаққа бүркемелеу арқылы жалғайды.Кейбір өрімшілер алақанның сап жағын әдейі ұзын етіп қалдырып,оны сапқа ұзына бойы «бауырлақ» етіп,сыртынан таспаны орайды.Өрім мен алақанның қосылған жері—шемежей.Оның үстінен түйнектеп қайыс шашақ тағып қояды.Елік,киік сирағынан металл, терімен мойнақтап,орам салып, шашақталған қамшы өте сәнді де бағалы.

 

ІV. Енді экранға назар аударайық: «Айтуға оңайдан» үзінді көрейік.

  1. Практикалық жұмысты бастамас бұрын қауіпсіздік ережесін қайталаймын.

Практикалық жұмысты өзім айтып көрсете отырып оқушылармен бірге орындаймын. Алдымен қолымыздағы былғарының тұйық жағын қыспаққа кысып бекітеміз.Сонан соң төрт таспаны екі-екіден қайшылап айқастырамызда кейін қалған таспаны астынан үстіне қарай өткізіп алып қарсы бағытқа тартамыз.Ослайша әрі қарай өру жалғаса береді.Өруді меңгерген меңгермегенін қарап қадағалаймын, кемшіліктері болса түзетемін, ослайша төрт өрім өруді меңгертемін.

VІ. Қамшы бөліктерінің атауын еске түсіре отырып сабақты қортындылаймын.

—Қамшы ата-бабамыздың бізге қалдырған несі?

—Өрім саны қанша болады?

—Бүгін біз неше өрімді меңгердік?

VІІ. Оқушыларды бағалаймын:

VІІІ.Үйге тапсырма: Тері өңдеу §7-оқу, 194-бет.

Сабақ аяқталды.

 

Қазақтың бұйымы — қамшы

Тақырыбы: Қазақтың бұйымы-қамшы

Мақсаты:Қазақ халқының қолөнер туындыларының шығу тарихы, жасалу технологиясы мен тұрмыста қолданылуы.Еңбекке машықтану.Ұлттық қолөнерді құрметтеуге үйрену. Қамшы туралы мәлімет:Қамшы-атқа мiнген адам ұстайтын, бiрнеше таспа қайыстармен көмкерiлiп, өрiлген, сабы тобылғыдан, ырғайдан, аңдардың тұяғы, мүйiздерiнен жасалған атты айдап жүргiзетiн құрал. Қамшының өрiмi сабынан бiр жарым еседей ұзын болады. Қамшы құрал болумен қатар қару ретiнде қолданылған. Өрiмшi қамшының таспасын жiңiшке не жуандатып, кейде өрiмге талшық сымтемiр салып өрген. Ондай қамшылар ыңғайына және қамшы иесiнiң қалауына қарай өрiлiп отырған. Қамшы саптан, өрiмнен және бүлдiргiден тұрады. Саптың қолға ұстар жерi былғарыдан қапталады. Кейде қайыстан өрнектелiп өрiледi. Қамшы өрудiң көптеген түрi қолданылады, соның iшiнде 3 таспадан 32 таспаға дейiн жететiн түрi кiредi. Өрiмдер домалақ, жұмыр, төртқырлы болып келедi. Жобаны болжау және негіздеу: Атам қазақ қамшының қыр-сырына бесігінен қаныққан, кие-қасиетін ана сүтімен қатар сүйегіне сіңіріп өскен. Себебі, бала бесікте жатқанда шошымасын деп бас жағына қамшы тастаған, не болмаса жастығының астына жастаған. Тобылғы қамшының өрімі жастықтың астынан жерге салбырап тұрмай, сабымен бүктеліп жатса «балаға қамшы тиеді» делінген. Бұл ата-бабамыздан қалған ырым. Негізінде қамшы керегеге ашық ілінген. Бұл қамшы иесінің «мал басы аман болып, үйімнен молшылық кетпесе екен» деген тілеуі екен. Ал жартылай бүктетіліп ілінген қамшы «менің ием келсе, ауруы болса жазылсын» деп сұранып тұрады.
Қамшының жасалу жолдары: Қамшыны жасау үшiн ең бiрiншi терiнi илеп, иiн қандырып, қайыс өңдеп шығару қажет. Әдетте оны бояуға да, боямауға да болады. Сосын қайысты тарам-тарам етiп тiледi. Өрiм саны неғұрлым артқан сайын сапасы да арта түседi. Алайда, оны өру де айтарлықтай қиындайды. Өйткенi, өрiм саны қаншалық көбейсе, соншалық қайыс тармағын жiңiшкерту қажеттiгi туады.1 сурет . Қолдан сырғып түспеу үшiн саптың соңы тесiлiп жiп өткiзiледi.2 сурет Ал, бишiктердiң сүйiрленген ұшына әдейi шашақ байланады.3 сурет Сүйiр қамшы ысылдап сес көрсетiп тұрса, шашақтан қамшы жерге сiлкей ұрылғанда мылтық атылғандай дыбыс шығарады.
Қамшының қолайлы түрі: Қамшылардың ең қолайлысы 12 өрiмдiгi болып табылады. 6 өрiм қарапайым түрiне жатады. Осы күндерi тобылғы сапты қамшыдан елiк сирақты сапты қамшыға сұраныс байқалады. Елiк сирағынан жасалған қамшы сәндiкке болмаса, қажетке жаратуға келе бермейдi.
Қорытынды: Халқымыз сөзді нақты айтса да, тұспалдап айтса да әр нәрсенің шығу тегін, өзара байланыстылығын меңзеген.Қазақта әрбір отбасы мүшесінің өз қам¬шысы болған. Көші-қонда, ас-тойларда салт атты адамның, ер¬кек болсын, әйел бол¬сын қамшысыз жүруі сөле¬кет саналған. Қамшы – қазақтың ғасырлар бойы ұстаған ұлттық нысандары¬ның бірі болды. Қолына қамшы ұстаған қазақ сұсты, айбарлы, сәнді көрінеді.. Сондықтан қазіргі таңда қамшы өруді, қам¬шыгерлікті жас ұрпаққа үйретіп, насихаттап отырса елдік, ерлік дәстүріміз жалғасын таба береді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

№23 сабақ. Сабақтың тақырыбы: Тері өңдеу технологиясы.

 

Сабақ мақсаты: 1. Оқушыларға тері өңдеу технологиясын үйретіп оны қарапайым

жолдармен өңдей білуге, қандай пайдасы бар екенін үйрету.
2. Тері бояу тәсілдерін, бояу түрлерімен таныстырып еңбек сүйгіштікке тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Теріден жасалған бұйымдар суреті. Арқақап жасаудың нұсқау картасы.
Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі
Үйге тапсырма.
Жаңа тақырып мазмұны.
Тері бояудың екі түрлі мақсаты бар:
1. Теріге өң беру.
2. Теріні не ғұрлым су өтпейтін етіп шыйыршықтау:
Тері бояудың ең көп тараған әдісі – ағаштың қабығына салып бояу. Бұған талдың, теректің, еменнің қабықтары қолайлы, сондай — ақ жер қынасын, томарбояудың, шөп тамырын, шеңгелдің, көк теректің бүрлері де кеңінен пайдаланылады. Майлы теректердің майын сорғыту үшін оған қышқыл аралас кебектен жасалған ашытқыны салып кептіреді. Оны халық тілінде «былжыр» дейді. Кейде қызыл кірпіштің ұнтағын салып, бүктеп тастаса да жеткілікті.

Теріні кейде талдың, еменнің, қара мойылдың, кейде май қарағайдың қабықтарымен бояйды. Оларды көбінесе күздігүні әзірлейді. Тік тұрған ағаштың қабығын сыдыру ағашқа үлкен зиян келтіреді. Сондықтан бояуға алынатын қабықты көбінесе кесілген, қураған ағаштардан жинайды. Жиналған қабықты жылы сумен жуып, кепкен соң, темір келіге салып түйеді немесе қол диірменге салып тартады. 11 — 12 қой терісінен тігетін үлкен тонды бояу үшін осындай ұнтақталған 4 — 4, 5 кг қабықты 1, 5 — 2 шелек суға салып, тұзын татып қайнатады. Қайнау мен суалдырудың мезгілін қайнап шыққан қабық бояуының түсіне және қоюлығына қарай белгілейді. Су аз құйылғандықтан, бояу шықпай, қабықтар құрғап бара жатса, үстіне су құяды. Ал, керісінше, суы көп құйылған бояулар сұйық болса, үстіне қабық қосылады.

Талаптарға сай орындалған жұмыстың бояуы шығып, қайнауы қанғаннан кейін ыдыстағы қабықтарды сүзіп алып тастайды. Қайнатылған бояу қанжылым болып суыған соң, теріні бояуға қолданады. Егер ыстық бояуды теріге қолданса, оны пісіріп жіберуі мүмкін. Бояуды теріге қылқаламмен немесе кіршіксіз таза киіз бөлігінің көмегімен жағады. Тері бояуды өз бойына бірқалыпты сіңіру үшін оның өңін ішіне қаратып бүктеп, 2 — 3 сағат кептіреді. Бүктелуі жатып дегдіген теріні желге, көлеңкеге, ыстық үйге жайып кептіреді. Теріні кептіру кезінде ол жиырылып, тырысып қалмау үшін тобарси бастаған соң, қолмен уқалап созғылайды.

Теріні бояудың екінші түрі – томарбояу. Ащылауытқа шығатын қурай тектес өсімдіктің басы дәнге толған кезде ақ үрпіктенеді, жапырақтары сарғайып, қурайдың түбі қызарады. Шамамен алғанда, бұл шілденің аяғы — тамыздың басы. Осындай кезде қурайдың түбірін қазып алады да, оны мұқият жуып, жоғарыда айтылған технология бойынша арналуы ыдысқа салып қайнатады. Бояуы шыққаннан кейін теріге қолданады.

Теріні қынамен де бояйды. Қына – жерге жабыса өсетін өсімдік. Мұны да күздігүні дайындайды. Оны жинап әкелісімен, топырақтан, басқа шөп – шаламнан тазартып, жылы сумен мұқият жуып алады да, қайнату арқылы бояуын шығарады. 10 — 15 қойдың терісін бояу үшін 2 шелек бояу алатындай есеппен қайнату керек. Қынаның басытқысына тұз, ашудас немесе мүсәтір қосып, аздап май құяды. Кейде көк тікеннің, қызыл мойылдың бастарын өнеркәсіптік бояумен араластырып, қына бояуын күрең қызыл етіп, түсін ашады. Қына бояуы жүн жіптерге, теріге жақсы жұғады. Осы әдіспен боялған теріден неше түрлі бұйымдарды әрлеп құрастырып, тігіп алады. Қоржым, тоқым немесе етік т. б. тері бұйымдарын қосымша оюдың үстінен тігу арқылы әрлейді. Мысалы, қара қоңыр түспен боялған теріге ақшыл сары теріден әзірленген өрнек бөлігін жамау арқылы тіксе, текемет, сырмақ тәріздес әдемі өң береді. Осы әдіспен боялған теріден сәнді киім, тұтынуға қолайлы түрлі мүліктер жасалады. Соның ішінде әсіресе төрт түлік малдың терілерінен көптеген сыйлық бұйымдары дайындалады.

Сабақты қорытындылау: 1. Тері өңдеу үшін ағаш түрлерін пайдаланады екенбіз?
2. Терінің қандай қасиеттерін біліп түсіндік?
Оқушыларды бағалау.
Үйге тапсырма: Тері өңдеу, тері бояу технологиясын оқып келу.
Теріден сыйлық бұйым жасау технологиясы
Малшыларға малдың жүнінен, терісінен жасалатын үй мүліктері мен киім – кешектер қандай қажет болса, ат саймандары – ер – тұрман, қайыс, таспалар да сондай қажет. Бұл бұйымдыларды ауылдық жерлерде мал бағатын ұжымдарда осы күнге дейін қолданады. Жүнген, айыл – тұрман, құлақбау, шілия мен делбе, қамшы мен қайыс т. б. әлі де тұтынудан қалған жоқ. Қайыс өрудің бірнеше өрнекті түрлері мен атаулары бар. Олар төрт таспадан өру, түйемұрындық, өткерме, тастүйін т. б. Жүген, ноқта, делбе, шілияларды өру әдісімен жасайды.
Қолөнерде таспа өрудің сан алуан түрлері кездеседі. Оның үш таспа, төрт таспа, бестемше, алты таспа, бұзау тіс дырау, жыланбауыр, қос бұрым, сегіз қырлы, егеуқұйрық, айыл жырым өрімі, қабырға, таңдай, жиырма төрт таспа т. б. қайыс өнерінде кеңінен қолданылады. Өрімдер 3, 4, 5, 6, 7, 12, 24, 36,….. 83 — ке дейін, кейде одан да көп таспадан өріледі. Өрім өрнектері сан алуан. Кейде құйысқан шілиялардың үстіңгі бетін төрт бұрым, алты бұрым, астын біртұтас «жыланбауыр» етіп жасайды. Ал ішіне өзек салып, алақанын тоқыма өріммен жалпақтап келтірген дойыр, дырау, бұзау тіс қамшылар өте әдемі келеді. Осыншама көп таспалы өрімдердің ұштары жай байлана салмайды. Олар әр түрлі мәнермен түйіліп, шашақталады.

Сыйға беретін әрі киелі бұйымның бірі – қамшы. Ол төрт, алты, сегіз, он, он екі және одан да көп түрде өріліп, әшекейленіп жасалады. Қанша өріммен өрілетіні белгіленгеннен кейін, қайыстан тиісті өрімнің талшықтарын арнаулы пышақпен немесе ұстарамен кесіп алады. Алты өрімнің қайысын біркелкі етіп кесіп алғаннан кейін, оның қалыңдығы да біркелкі болады, жуан жерлерін тегістеп, қырларын өңдегеннен кейін өруге кіріседі. Әр өрімнің өзіндік құпиялары бар. Барлық өрімдердің негізін үш өрімнен байқауға болады. Бұл өрім өте кең қолданылады. Өрілген қамшы сабын мүмкіндігінше тобылғыдан таңдаған дұрыс, егер ол болмаса, шамшат немесе емен т. б. қызыл ағаштардан СТД — 120 М ағаш станогында жонып, арнаулы қамшы сабын дайындайды. Тобылғы – асылы таудың беткейінде өсетін ағаш. Оны шеберлер шілденің аяғы мен тамыздың басынан ары қарай, яғни күзге қарай жинайды. Шеберлер бұтақсыз, неғұрлым түзу жерлерін кесіп алып, толық кепкенше іліп қояды. Егер тобылғы сәл қисықтау болса, оны түзу затқа мықтап қосақтап байлап, бірге іліп қояды. Сонда тобылғы түзу болып кебеді. Әбден кепкен кезде шебер оның сыртын қойдың құйрық майымен ысқылағанда, қоңыр түсі қою қызыл түске өзгереді де, өте әдемі өң береді. Сөйтіп қамшының өрімі шебердің талғамына қарай, тобылғыға бекітіліп әшекейленеді.

Пышақ қыны – иленген теріден жасалатын, ежелден келе жатқан бұйым. Одан әр түрлі пішінде пышақтың, қанжардың, бәкінің, кілттер жиынтығының, тіпті кез – келген кілттер жиынтығының қабын тігіп жасауға болады. Ол үшін қынның пішінінің нақты үлгі бойынша пішіп, екі дана етіп әзірлейді. Дайындалған екі бөліктің тігілетін шетін белгілеп алғаннан кейін, екі түрлі әдіспен тігеді. Біріншісі – қайыстан тігілетін арнаулы қынның тігісін ішіне жіберіп аударады. Екіншісі – тігісін сол қалпында сыртында қалдырады. Бұл шалу арқылы тігіледі.
Ал көлемді бұйымдардың, мысалы, қоржынды, дорбаны, торсықты т. б. сыртынан салып тігіп, өрнек салады. Мысалы, қоржынды қара қоңыр теріден тігіп, үстіне өрнектеп кесілген ашық сары теріні тіксе, өте сәнді көрінеді. Мұндай бұйымдарды жасау үшін былғары өңдеудің технологиясын білу керек.

Былғары өңдеу. Мал терілерін илеп, бояп, өң беру ертеден келе жатқан, ең жақсы дамыған және жетілген өнер. Илеуі қанып, бояуы сіңген былғары су тартпайды. Одан жасалған бұйымның тігісі ыдырамайды және тұтынуға төзімді әрі әдемі. Ағашқа жапсырып қағылған мұндай сапалы былғарыны шеге де мықты ұстайды. Мысалы, жиһаздардың, әр түрлі бұйымдардың сыртына қапталады. Былғарының бірнеше түрі бар. Олар: көксауыр, опайке былғары, хром, көзел, шегерін, сақтиян, ұлтан т. б.
Көксауыр – жылқы мен серке терісінің сауырынан жасалады. Көбінесе ол көкпен, кейде қызыл, сары, жасыл түстерімен боялып, беті жалтырап тұрады. Көксауырдың әр түстілерін өзара мүйіздеп оюластырып немесе бір түсті көксауырды әр түрлі жібек жіппен кестелеп, өрнектеп, түрлі бұйымдар шығарған. Көксауырларға алтын, күміс, жез шегелер қағып, кейде маржаннан моншақ жүргізіп, аяқ киімнің өкшесіне, т. б. неше түрлі жарқырауық асыл тастар отырғызып әсемдеген. Мұндай былғарыдан тігілетін бұйымдарға ертеде тарамысты жіп ретінде қолданған.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *