Ұстаз туралы ой

Медеуов Қазбек Бақтығалиұлы

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы,-
деген Ғафу Кайырбековтың өлең жолдарын оқығанда, мен өзімді бақытты сезінемін. Ұстаз болғаныма мақтанамын. Ұстаз – ұлағатты есім.  Өйткені ұстаз – мақтан тұтар мамандық . Ұстаз — бала болмысына өзгеріс енгізуші, бағыт-бағдар беруші, ата-ананың сенімді көмекшісі.
Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық. Олай дейтінім, мұғалім еңбегі біріншіден, адамзат қоғамы тарихында жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиіс болса, екіншіден, үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған маман.
Осындай қызығы да, қиындығы мол мамандықты мен де таңдадым.  «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы»демекші, шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстазға келіп тіреледі.
Ал жаңашыл ұстаз  өз кәсібінің майталманы, осы мақсатқа рухани күш-жігерін, парасат-қуатын салу керектігі айтпаса да түсінікті. Бұл — әркімнің қолынан келе бермейтін, ерекше талантты қажет ететін, бай қиялды адамға тән қасиет.
Сондай-ақ ұстаз күнбе күнгі өзінің көп қырлы еңбегінде мазмұны әр түрлі кездейсоқ жайттардың туындап отыратынын алдын ала сезіп, болжап және оның оң шешімін табуға дайын болуға тиіс. Өмірдің көшінен қалмау, яғни білімі мен біліктілігін әрдайым жетелдіріп, жаңа инновациялық технологияларды меңгеріп отыруы керек. Сондықтан да ұстазды әр баланың жан-дүниесін танып-білуші әрі оны жеке тұлға етіп қалыптастырушы, ел болашағының мүсіншісі деуге болады.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас,
Үйретуден балаға,- деген өлең жолдары еріксіз ойға оралады. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірт озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе ?!
Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау — әр мұғалімнің борышы. Ол — өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы іске деген қызығушылық пен сүйіспеншілік қана оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге себін тигізеді. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қалады.
Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында.Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге.
Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд:
Жай мұғалім хабарлайды,
Жақсы мұғалім түсіндіреді,
Керемет мұғалім көрсетеді,
Ұлы мұғалім шабыттандырады,- дейді. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын — еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру»,- деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. «Педогогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі. Осындай даралық қасиеттер ұстаздық бақытқа жеткізеді. Бақыттың үлкені — өзіңді-өзің тану. Ұстаз өзін-өзі қай уақытта таниды? Ол алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәтінен таниды. Ендеше, бүгінгі білім мен білік бәсекелес заманда ұландарымыздың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып , тәлім – тәрбие беру , жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруде қайсібір  ұстаздардың  еңбектері  зор екені бәрімізге мәлім. Сондықтан да Ұстаздар әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді.Шынайы ұстаз өз шәкірттерінің жүрегінде білімге деген сарқылмас ынта – ықыласты оятады.Шәкірттерді шын жүрегіңмен жақсы көру бұл әр ұстаздың міндеті деп ойлаймынҰстаздық мамандық – мамандықтың ең асылы, ең қасиеттісі.Мен өзім еңбекке баулу пәнінің мұғалімімін.Оқушыларды еңбекке баулып,қоршаған ортаның әдемілігін сезінуге өз үлесімді қосып келемін  Кіп- кішкентай балалар көз алдымда есейіп шыға келеді. Үлкен жауапкершілікті сезініп, солармен бірге жасарғандай боламын. Олардың күлімдеген көздерін, кіршіксіз пәк жүздерін көргенде бойыма қан жүгіріп, жүрегіме нұр құйылғандай болады. Мен өз мамандығымды сүйемін. Әрбір сабақ өткізген сайын күні бүгінге дейін өзімді жаңа ғана ұстаз болып келіп, жаңа сабақ өткізіп тұрғандай сезінемін. Мен үшін әрбір сабақ – үлкен жауапкершілік, үлкен абырой. Әрбір адам алған асуларын ұстаз еңбегінің жемісі , нәтижесі деп түсінулері керек деп ойлаймын. Еңбек еткеніме 15 жылдай уақыт болып қалыпты. Сан қилы асулардан өтіп, биік белестерге жеттім. Бірақ «болдым, жеттім» демеймін, өйткені тоқтап қалсам сүрініп кететін сияқтымын. «Маған жақсы ұстаз бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлы ағартушы- педагогы Ы. Алтынсарин айтқандай мектептің жүрегі үздіксіз соғып тұру керек.Мынау қайнаған заманда жаңа технологияларды қолданып, жаңаша еңбек ету – менің ұстанымым. Оқушыларымның  жетістігін көріп бір марқайып қаламын. Еңбегім еш кетпеген екен ғой деп одан сайын құштарлана еңбек етіп келемін. Өскелең ұрпаққа білім бере отырып, ел ертеңін қолға алар ізбасарларды тәрбиелеудемін.Бүгінгі ұрпақ- бақытты ұрпақ. Себебі, технологияның дамыған кезеңінде өмір сүріп жатқан жастарға алаңсыз білім алуға жан- жақты жағдай жасалған. Елбасының айырықша көңіл бөлуі нәтижесінде білім мекемелерін көбейту және олардың материалдық базасын заманауи қондырғылармен жабдықтау арқылы білім сапасын дамытуға барлық жағдай жасалып келеді. Осының барлығы білім сапасын арттыруға, кәсіби шеберлікті нығайтуға, мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін жоғарылатуға ықпал ететіні сөзсіз.«Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде , күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін» деген Серке Қожамқұловтың сөзінен ұстаз қауымына деген үлкен құрметтеушілікті байқаймыз. Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі- терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек. Балаға деген шексіз махаббаттың иесі болған ұстаз ғана өз еңбегінің жемісін көре алары сөзсіз.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *