Жас отау

Қарапайым көктемнің қарапайым күні еді,
көк аспанда алтын Күн бұрыңғыдай күледі.
Адамдар да көшеде күндегідей шұбырған,
ал біз үшін… дүние қайта гүлдеп түледі.
Қос жүректің дірілі талықсытып денені,
махаббаттың толқыны тербеткендей кемені.
Әдеттегі көктем-күн гүлбағындай жұмақтың,
махаббаттан мас болып екі ғашық келеді.
Қандай көркем дүние, нұрын құйған Күн қандай,
гүлдің бәрі жұпарын бізге шашып тұрғандай.
Бәйгедегі тұлпардай шапқылайды қанымыз,
шәрбатына ләззаттың мейіріміз тұр қанбай…
Талай күнгі аңсатқан аппақ арман, жүз үміт
теңіз болып шалқиды,
қос аққудай сызылып
екі ғашық ғажайып бір әлемге
айналған,
бар дүние қарайды екеумізге қызығып!
Бүгін алғаш ашылды жас отаудың түндігі
шаңырақтан төгілді мейірімді Күн нұры.
Екі жүрек қосылып ақ сезімге оранған,
жастанғаны – боз жусан, шымылдығы – қыр гүлі.
Азаппенен алысқан о қаншама күн өтті!
Күдік, үміт жарысып жүректерді жүдетті.
Соның бәрі өтті де, ұмыт болды бүгінде –
арманымның аруы отауыма гүл екті!
Армандаған, аңсаған өтті күндер бұлдырап,
жас отаудың төрінен ән шалқиды сыңғырап.
Күн мен әлем, көл, орман бұрыңғыдай бәрі де,
жас отаудың ішінде
өмір бүгін – бір жұмақ.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.