«Тәрбие – тал бесіктен»

Тәрбие –тал бесіктен… Осы үш сөздің түпкі негізінде қанша мағына, қаншама тәрбие жатыр. Тәрбие дегеніміз – ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа мирас етіп табыстайтын өнегесі,үлгісі, әдет – ғұрыпы мен рухани байлығы. Тәрбиелі жанның алдынан көптеген есіктер ашылары сөзсіз. Тәрбиелі адам  кез-келген ортада өз орнын таба біледі. Тәрбие отбасынан, ата-анадан басталады. Ұрпақтың тәрбиелі болып қалыптасуына  отбасының тигізер әсері мол. Ата-ананың ең басты қызметтерінің бірі –  өнегелі тәрбие беру.Баланың дүние есігін шыр етіп ашқаннан бастап тәрбие басталады. Содан да болар, тәрбие тал бесіктен басталады деп бекер айтылмаса керек.
Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Әсіресе, қыз баланы тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеумен бірдей екендігін ұғынып, қызды қырық үйден тыйыммен тыя білген. Осыдан келіп, қазақтың қызы ибалы, ізетті, иманды болған.Адамның баласының тәрбиесі өзінен емес. Ең алғаш адам көзін ашқанда-ақ оның әке-шешесі оған жүруді, сөйлеуді үйретіп,дұрыс азамат болып қалыптасуына ат салысады. Ал сол тәрбиенің тамырын бойымызға сіңіру қашанда өзімізге байланысты. Жалпы алғанда, бала тәрбиесіне көптеген дүниелер әсерін тигізеді: отбасы, қоршаған орта, білім ордалары, қоғам және жалпы ондағы мәдениет. Яғни, отбасында берілетін тәрбие балаға жеткіліксіз. Сондықтан, ата-анадан бөлек мектебі, достары, ағайын-туыстары, тіпті қоғам жауапты болып табылады. Кейде жөнсіз іс-әрекеттерді көрсек, «заман өзгерді» деп ой түйеміз. Өз мойнымызға жауапкершілікті алудан қашқақтаймыз. Бұдан келіп шығатын қорытынды: баланыі тәрбиесі – адамзаттың  ортақ ісі. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің!» деген қазақ халқының сөздерінде үлкен астарлы мағыналар біраз ой түйдіреді. Тәрбиесіздікпен алынған білім — адамның қас жауы. Бірақ, ешбір  орта жанұяңнан, ана мен әкеден алған тәрбиені алмастыра алмасы сөзсіз. Егер ата-бабаның ізімен, ананың жылулығымен берілген қасиеттері мол, ізетті ата-ананың тәрбиесін көрген жас буындар көп болатын болса, онда болашағымыздың жарқын болары  деген сөз.Болашағымыз айқын болсын десек, тәрбиемізді тал бесіктен түзейік.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.