Қаламгерге тән мәнер мен машық

Қаламгерге тән мәнер мен машық
 
Қуандық әдебиетке жүрегі, ділі мен тілі қалағандықтан келген. Келуінің себебі, қоғамның рухани дерті маза берген жоқ. Заманның құлқы адамның рухын илеп бара жатқан кезде, «Қуандық парасат дәрежесі көтерілген сайын оның ішкі жан арпалысы, өз ішіне көбірек үңілуі жиілей түскен жаста болатын» (Т.Әбдік).
Бір кездері қазақ әдебиеті Одақ әдебие­тімен, қала берді, арғы-бергі әлем әдебие­ті­мен иық теңестіріп, өзінің сан қилы та­ри­хында Өрлеу, Кемелдену дәуірін бастан кешіп еді. Бұл Өрлеу, Кемелдену дәуірі 60-жылдары өзіндік үнімен, өзіндік мәне­рі­­мен келген, күні бүгіндері «маңдайының қас­қасы қарақұсына тақаған» орта буын­ның еншісіне жатады. Заманымыздың заң­ғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзі «Жыл келгендей жаңалық сезінеміз» деп алғысқа толы ақ батасын беріп кеткен, әде­биетімізде өзінше бүтін бір толқын тулатқан 60-жылдардың түлектері туралы сыбағалы сөз әлі алда деп білеміз. Әйтсе де, біз сөз еткен осынау орта буынның ізін суытпай әдебиеттің киелі табалдырығынан аттаған Қуандық Түменбайдың есімі оқыр­мандар үшін ыстық деп білеміз. Неге?
Өйткені, күні бүгіндері көркем әдебие­тіміздің басынан бағы тайып, базары тарқа­ғандай кезеңде (мұның себебі сауаты бар әр пенде үшін өзінен-өзі түсінікті ғой деп ойлаймын) мерзімді баспасөз бетте­рінен мына тамұқ заманның, күн­делікті өмірі­міз­ге дендеп енген бөтен құлық, тағы қылық, қарау ниеттің түп-төркінін кәнігі бір та­мыр­шыдай тап басқан әңгімелері арқылы ара-тұра бір жылт етіп көрініп қалып жүр­ген Қ.Түменбайдың оқырмандар жүрегіне жол тауып, бірден баурап алуының сыры неде? Ең бастысы, бүгінгі заманның сұр­қыл­тай бейнесі мен есірік характерін әде­бие­тімізге елдің алды боп, алғашқылардың бірі боп алып келуінде[1,3].
Әр жазушының қалыптастырған жолы, жазу машығындағы өзі таңдап алған айла-тәсілдері болады. Қуандық Түменбай шығармашылығы әу бастан-ақ оқырманның көзіне түсіп, көбі байқап, бағамдап, көңілдеріне қондырып жүргендері белгілі. Бала кезінен не жазса да айтарының астарында бір түйір ой тұжырымы жүреді, және өмірдің ащысын айтса да, тұщысын айтса да өмірдің нағыз кейпін көлгірсітпей қағаз бетіне ықшамды қалыпта түсіретіні ғажап. Қағаз бетіне қалай түсіреді дейсіз ғой. Біріншіден, әр шығармасының бойында қарапайымдылықтың иісі аңқып тұрады. Екіншіден, белгілі оқиғаны сол қалпында сабырмен алып шығады. Үшіншіден, адам тірлігіндегі қозғалыстың  тілін біледі. Төртіншіден, әрбір мамандыққа лайық бағыттың шырайын көрсете біледі. Бесіншіден, мықты тұжырымы – жазушы өз шығармасында барлығын айтып келіп, қорытындысын тосын оймен аяқтайды. Әдетте, қандай шығарманы оқысақ та, соңы қалай аяқталатынын алдын-ала біліп отырамыз. Ал Қуандық Түменбайдың шығармаларында ондай мүлдем жоқ. Бұл да бір классикалық форманың белгісі.
Қазіргідей кейбір қаламгерлеріміздің көп сөзділікке ұрынып, оның көшкініне көмілген заманда болмаса кешегі балаң тірлігіндегі сәл қағажу көргендігін, дұшпан тапқандай тұлданып жатқан заманда ондай өңездікке бармай, өзінің ойындағы сәулелі ойдың ауқымында, өмірдің өңменінен өз кейіпкерін тауып, қоғамдағы оқиғалардан мәнді шығармалар туындату, бұның барлығы тек Қуандық Түменбайдың бойынан табылған асыл қасиеттер десек, оған ешкімнің таласы болмайды.
Қуандық Түменбайды қай жағынан алып қарасақ та, өзіндік дара стилін қалыптастырған жазушы. Мейлі ол шығармаларының тақырыбы болсын, мейлі кейіпкерлер образы болсын, оқиғаның сюжеттік желісі болсын, көтерілген мәселе болсын, жазу стилі, машығы болсын өзгелерден өзгеше. Кез келген туындысын оқығанда ерекше күй кешесің. Оқырманын баурап алады.
Жалпы алғанда, Қуандық Түменбайдың шығармаларының өзімен тұстас келген қаламгерлерден өзгешелігі бар. Тек қана өзгеше емес, өміршең шығармалар. Шығармаларынан байқағаным, көп сөзділікке бой алдырмайды.  Жаны нақтылықты қалайды.  Сол үшін де, барлық әңгімелері мен хикаяттары нақты және түсінікті жазылған. Дәйексіз мәселелерді жазып оқырманын мезі етпейді. Өз қиялынан кейіпкер ойлап, сюжет ойластырмайды. Тек қана өмірде болған, өз көзімен көрген оқиғаларды өзінің шығармаларына арқау етеді. Өзіміз өмір сүріп, келешектен үміт күтіп отырған заманға сыни көзбен қарап, кейіпкерді тым әсірелеп суреттемей, кейіпкер санасын кірлетпей, қайта оны үнемі тазалап отырады. Кейіпкерлерінің іс-әрекетін, айтқан сөздерін жазушы көзінен таса қалдырмайды. Олар – уақыт тезінен тәлім алып, барды бар деп бағалап, жоқты жоқ деп ұғынатын, халыққа жат қылық, тосын мінез көрсетпейді.
Сонымен қоса, қаламгердің жазған тақырыбы сан рет жазылып, сан рет көтерілген таптаурын тақырып болғанмен тақырыпты игеруі, оны мүлдем басқаша жеткізуі жазушының шеберлігіне әкеліп тірейді. Жаңа кейіпкерге жаңа бейнені, жаңа үрдісті оңай тауып береді. Оның ойындағы нәрсе қиял күйінде емес, адами күйге тез айналып өз іс-әрекетіне бірден кіріседі.
Қуандық Түменбайдың кез келген шығармасында сана мен болмысты сабақтастыра алатындығын байқаймыз. Әсіресе, «Қой мен қойшы» хикаятында айқын көрініс тапқан. Сол туындысында сана мен болмысты сабақтастырып, бас кейіпкерін өзге кейіпкерлерінен жоғары қойып, қара қойдан басқа ештеңе көрмеген – қойшы емес, сол сәттің қайраткері дәрежесіне көтергені жазушы талантының тағы бір қыры деп есептей аламыз.
Сауатты оқырман қауым Қуандық Түменбайдан тек қана сүбелі, тәрбиелік мәні бар, айтары бар, астарлы, терең ойлы шығарма әрқашан да күтеді. Ондай құбылыс заңды. Қазіргі күнге дейін жазушы өзінің оқырмандарын қапаландырған жоқ. Роман жазса да, әңгіме жазса да, хикаят жазса да, қарапайым халықтың аузымен қоғамда орын алған мәселелерді көрсетіп немесе сананы дүр сілкіндіретін жақсы ойлардың деңгейінен көріне білді.
Жоғарыда сөз еткендей «Қой мен қойшы» шығармасында Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарындағы көріністі қаз қалпында суреттеп, шығарманың сюжетін ширата беруі жазушының жаңа биік белесті бағындыруы. Енді мысал келтіріп, шығарманың үзіндісіне көңіл бөлейік:

  • Кавалер аға, қайда барасыз?
  • Алматыға.
  • Күрішшісіз бе, қойшысыз ба?
  • Қойшымын.
  • Онда қоймен бірге бір купеде барасыз. Өзіңіздің үйренген серігіңіз ғой, — деп дарылдап күліп алды да, — міне беріңіз, — деді. – Бірінші купе. Проводниктердің купесі. Қабыңызды астына тыға салыңыз.

Бірінші купеде тарамыс қара жігіт отыр, ас-су құятын үстелдің астына тоқтының бас жібін тастай ғып байлап қойыпты.

  • … Құдалыққа бара жатырсың ба? – деді бұл сіріңке қара балаға.
  • Жоқ. Базарға сойып сатам. Алматыда ет қымбат. Мал сататын базар бар.
  • Мен де кеше ғана қой айдап едім…
  • Үш ай қараңғыда бақтым. Жоңышқа бердім, жем бердім. Қараңғыда қой жақсы семіреді. Қазір қойдан басқа бизнес жоқ қой… [2,12].

Жазушы бүгінгі күннің өзекті мәселесін кейіпкер сөзімен айтып отырғанын оқырман жақсы түсінеді. Тәуелсіз еліміздің проблемалық мәселелері жетерлік. Ал соны көркем шығармада тайға таңба басқандай қылып суреттеу тісқаққан жазушының шеберлігі.
Қуандық Түменбайдың әңгімелері өте көп. Ол кісіні қазіргі таңда әңгіме жазып жүрген санаулы қаламгерлердің бірі десек, асыра айтқанымыз болмайды. Ғабит Мүсірепов әңгіме жанры туралы былай деген: «Әңгімеге көбірек ден қойып ойысыңқырап жүргенім – біздегі әңгіме жанрының мәдениетін көтеруге өзімше үлес қоссам деген ой еді. Қарап отырсам, бізде әңгіме жазушы көп те, бірақ жазылған сапалы, жақсы әңгіме аз екен. Кемшілік неде? Меніңше, көп жігіттер әлі күнге әңгіме табиғатын танып, жанр ерекшелігін дәл ажырата білмейді екен. Қорқа білмейтін адам батыр келеді ғой, оңды-солды сілтей береді» депті. Біздің Қуандық Түменбайдың  оңды-солды сілтей бермейтіні оның әңгімелерінің санының көптігінен емес, сапасынан көрінеді.
Биманова Сабина
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ магистрі.
Данат Жанатаев
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, профессор.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.