Шығармаларына шындықты арқау еткен Мира Шүйіншәлиева

Жанатаев Данай Жанатайұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент
Онкалбаева Нурия Жаксыбайкызы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты
Көркем шығарма туралы сөз бола кетсе, алғаш ойымызға оралары – тарихи тақырып. Неге екені белгісіз, бүгінгінің шығармасын шарлауға қиял құсы құлықсыз еді. Тарихшылардың ауласына түсіп, тамыры тереңге кеткен теректің түбін қопсытып шетсіз-шексіз, ұшы-қиыры жоқ шежірелі шығармалар оқырманын әдебиет әлемінің тереңіне тастайтын. Туындысына өткеннің өткелдерін өзек еткен проза парақтары ғана шытырманға толы қызық деп саналатын. «Бүгінде бейбіт ел, тәуелсіз мемлекетіміздің ошақ қасында отырғандардан шырғалаң шығарма шыға қоюу қиын» деген пікір басым болатын. Мира Шүйіншәлиева шығармашылығымен танысқан кез келген оқырманның алғашқы ойға қатысты көңілінде күдік орнары хақ. Мира Шүйіншәлива «нағыз шытырман өмірдің шалқыған шағында болады екен-ау» дегізеді.
Көзіміздегі көгілдір көзәйнекті шешіп, заманымыздың тіршілік тынысына сәл кідірсең көңілге түсетін кірбің мен шымбайға бататын шындық аз емес. Сырт көзге гауһар тастай жалт-жұлт ететін жылтырды жабыстырып қойған заманның іші іріп жатқанына куә боласыз. Бірақ бұл жағдаймен бетпе-бет келу – қиынның қиыны. «Өмір керемет» дейтін өтірікпен өзіңді алдарқату – жанға жайлы, миға тыныш. Әйтсе де, осы бір дәуірде көптің назарына іліге бермейтін дүбірлі оқиғалар дыбыссыз өтіп жатқандай. Мінбердегілердің көзі түспей, көзі түссе де сөзі түспей жатқан жағымсыз жайттар ел ішінде аз емес. Мира Шүйіншәлиева – көз алдымызда қылаң беріп жүрген келеңсіз көріністерді сөзге тізіп, көркем шығармаға айналдырып жүрген аз жазушыардың бірі.
Жазушының шығармашылығындағы шындығы жайлы айтпай кету – айып. Қаламгердің алғаш қолымызға ілігіп, санада сілкініс жасаған туындысы – «Шүберек қуыршақ» повесі. Бұл туындыда шығарма тереңіне бойлай отыра автормен сырласқандай боласыз. Повесть Марал есімді бойжеткеннің нағашысы – Ғайнидың шаңырағына келген тұсынан бастау алады. Марал балпанақтай шағынан қатар өскен құрбысы – нағашысының қызы Аягүлді көреді. Жүзіндегі мұңның себебін сұрамай-ақ ұғынып тұрған Марал Аягүлге аузын ашып ештеңе айта алмайды. Жыл бұрын дүние салған Аягүлдің анасы Маралға өз туған шешесінен кем емес еді. Үлкен ағасының әйелі – Қисынның шатақ мінезі, бір шеңберді шыр айналған тірлік тепершіні Аяжанды әбден қажытқандай. Соғыстан бір көзінен айрылып келсе де өте қуақы, көңілді жүретін әкесі бір жастықта бас қосқан жары – Ұлпадан көз жазып қалған соң, әкесінің түнерген түрін ғана байқайтын. Ғайнимен ілгеріден көрші тұратын Тұяқ шал Зибамен таныстырып тағдырдың тағы бір тауқыметі Аягүлге есігін ашқан еді. Зиба Аяжанның әкесімен отау құрған соң, Тұяқ шал мен әйелі Үнзиланы шақырып алып, ішімдікті сіміріп отырғанда Ғайниға тигендегі мақсаты – ақшасы екенін айтып, ендігі жоспар – Тұяқтың ұясын бұзып, өзіне жақындату екенін естіген Аягүл өксіп жылап алды. Тағдыр тауқыметін көтере алмай Ғайни шал да өмірден өтті.
Күн орнынан күн шығып, ай орнына ай туып қара жер де өзінің жаралғаннан бергі жалғыз кіндігін зырқырап айналып жатты. Өзіне көршісі – Шойынның аңсары ауып жүргенін байқаса да, бар тірліктің ауыртпалығы бір өзінің мойнында болған Аяжан оған қайрылып та қарамайтын. Осылай сүлдерін сүйретіп, сағат тілін айналдырып жүргенде Аягүлдің өмірінде жарық сәуле жылт еткендей болады. Сыныптасы – Тұрысбек әскердегі досы – Асылбекпен таныстырып, бар ғұмырын бірге өткізуге бел байлайды. Бақытты сәттерді бастан өткізіп жүрген жас жұбайлар да тірліктің таршылық қамытын киді.
Аягүлдің бойында дәуірімізде ғұмыр кешіп жатқан күллі әйел затының бәріне ортақ мінез, бітім, әрекет бар. Бас кейіркер бейнесі – бүтін бір әлеуметтік ортаның әрқилы өзгешеліктерінің жиынтығы. Бір Аягүл – қоғамымыздағы бірнеше аягүлдердің типі. Автор айналаның ақиқатын айтуда Аягүлдің азапты өмірін сөзге тізіп, көркем шығармаға айналдырған тәрізді. Тәрізді дейміз-ау. Нақ солай! Оған автордың «Орда жұлдызы» газетіне берген мына сұхбаты дәлел: «Ал енді нағашы атам – Қами Шүкірұлы өте тентек, қуақы, қабағы ашық, көп сөйлейтін, ұста әрі батыл, домбырашы болды. Бір тиынды балғамен ұрып қолыма сақина кигізіп қоятын. Ағаштан домбыра жасап беретін. Менің «Шүберек қуыршақ» повесім осы Қами атамның өміріне, ерте солған жалғыз гүлі, жан құрбым – Райгүлдің рухына арналған. Жиырма итті ауласына асыраған, магнитафон тыңдай жүріп, соғыста көрген қорлығын айтудан жалықпайтын, өте балажан, жүрген жері думанға толы, қолы мырза, шәуілдеп ит үрсе қос ауыз мылтығын ұстап сыртқа тұра жүгіретін «әртістің» нақ өзі ед!» [14, 6] Автор өзін Маралдың рөлінде екенін айтады.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.