«2 999 999 + 1» немесе аштық жылдарындағы зобалаң зардабы

«2 999 999 + 1» немесе аштық жылдарындағы зобалаң зардабы
Өткен ғасырдың 30-шы жылдары қазақ тарихының ең бір қаралы беттері ретінде бейнеленетіні әмбеге аян. Қолдан ұйымдастырылған ашаршылық барысында халқымыздың тең жарымына жуығы қынадай қырылды. Бірақ түрлі зерттеу жұмыстарында түрлі сандар көрсетіліп, бұл туралы ортақ тұжырым жасалмаған соң біз өз тарапымыздан «дұрысы мынау» дегенді айта алмаймыз. Әрине, бұл туралы нақты мәлімет беру тарихшылардың мәндеті екенін білеміз. Ал, көркем әдебиеттің міндеті сол ақтаңдақ жылдардағы қоғам басындағы жағдайды көркем шындық арқылы бейнелеу. Жазушы Әкім Таразидің ұлт тарихының ақтаңдақ беттерінен шағын бір эпизод алынған «2 999 999+1» әңгімесін оқып шығып, түйгенімізді төмендегі жолдарға арқау еттік.
Алапат ашаршылық қазақ жерін түгел қамтып, қазақ халқының жартысына жуығын аштан өлгенде, әңгімедегі Абыз ағаның айтқан оқиғасы қазақ халқының бастан кешкен тауқыметін өмір бойы есіңнен қалғысыз етіп, миыңа шегелеп тастауға жетіп жатыр.
Жоғарыда айтылған шығарамның тарыбы жайлы ойланбасқа болмайды. Неге дәл осы тақырып? 2 999 999 шартты түрде аштан қырылған қазағымның саны болсын делік, ал оған қосылып тұрған 1 кім? Осы аштық нәубетін әңгімелеп отырған Абыз аға ма? Сыртым сау, ішім өлген дегенді айтқаны ма? Әлде аштықтан «сүйгенінің» етін жеп, өзі Абыздың қолынан қаза болған Қосан ба? Жоқ, әлде, сол 2 999 999-дың өліміне бір ғана кінәлі соцалистік жүйе, сол үшін 2 999 999-дың ажалы соның мойнында дегенді тұспалдау ма? Міне, бұл жұмбақ…
«2 999 999+1» әңгімесінде «Абыз аға ұзақ сөйледі? Асықпай сөйледі, тіпті, баппен, мәнерлеп сөйледі. Айтқаны – өз тарихы. Өз тарихы дегені ел тарихы. Ел тарихы дегені тағы өз тарихы» деген үзіндіден қазақ халқының басынан өткен тарихты Абыздың өмір белестерімен бейнелей көздеогені байқалады. Бұл жердегі Абыз қартымыз елу бес жыл бұрынғы жас большевик болған мырзамыз.осыдан елу бес жыл бұрын өткен оқиғаға шегініс жасаған жазушы бір кездегі ОГПУ қызметкері Абыздың өмір жолына үңіледі. Сексен беске келген Абыз қарттың ХХ ғасырдың басындағы тап жауларымен күресуінен бастап, 20-30 жылдардағы қазақ жауларымен күресу науқанына белсене араласқан большевик басынан өткен тарих, әрине қазақ халқының тарихы .
Абыздың «Үш миллион сүйек жиналмай қалғанда, үш қарғаның құны қанша? Қа-анша-а?» [1, 238] деген сөзі отызыншы жылдардағы қазақ даласын кезген ашкөз ашаршылықтан қырылып қан сасығанын көз алдымызға елестетсе, темір жолды жағалай сұлап жатқан мүрделер нақты мысалы. Осы әңгімедегі 2 999 999-шы адамға қосылған Омар өлімі іздеусіз қалған 3 000 000-шы адам еді. Жүк поездің бір вагонын елден тартып алған дүние-мүлік пен кептірілген етке толтырған ОГПУ қызметкерлері жол жағалай аштан қырылып жатқандармен ісі де жоқ. Бірақ осының бәрі Абыз сынды жас большевикке оңай тимегені анық. Әсіресе, жас большевик «Қосан мен Гүлғайша» атты поэманың кейіпкеріне айналып кеткен әңгімедегі Қосан мен Гүлғайша үйне келеген большевиктердің бұлардан тәркілейтін мал таппай, оның орнына Гүлғайшаның қос анарын кесіп алып, ақ жібек орамалға орап алған ОГПУ қызметкерлеріне не жасасын? Бұл бір Абыз көрген оқиға ғана еді. Ал, қазақтың кең сахара даласында мұндай қанқұйлы әрекеттердің қаншасының беті ашылмай жасырын қалды. Осылайша жазушы Абыз өміріне шегініс жасау арқылы қазақтың қайғылы тарихын тірілтті.
Бұл әңгімеде отызыншы жылдардағы жаппай қудалаудың салдарынан ОГПУ қызметкерлерінің қазақ даласына жасаған қуғын-сүргіннің бір көрінісі елес береді. « Кіші Қазан» төңкерісінің зобалаңдарынан қазақ халқының қандай тұрмыс кешкендігі жайында сөз болады. Сол «Кіші Қаан» төңкерісі жайында қысқаша тоқтала кетуді жөн санадым. Егер тарихи шындыққа жүгінер болсақ Қазақстанның Ресейдегі Ұлы Қазан төңкерісіне ешқандай қатысы болңан жоқ. Қазақстанға Ф.И. Голощекиннің өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы болып келуі қазақ халқына адам айтқысыз бақытсыздық әкелді. Ф.И. Голощекин 1925 жылдың күзінде Қазақстанға келісімен, көп ұзамай бұл өлкеге (Қазақстанға) Ұлы Қазан төңкерісінің легі де жетпегенін, оның ауылға соқпай өткенін бірден байқайды. Сондықтан дереу Қазақстанда да «кіші Қазан» бағытын ұйымдастыруға бар күш жігерін сарп етеді. Өзінің қитұрқы әдістері арқылы республика басшыларына да мақұлдатып үлгерді.
Алғашында «кіші Қазан» бағытының керектігін дәлелдеу үшін бұқаралық баспасөз, газет-журналдардағы жаппай үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Ф. Голощекиннің бұл қадамын қолдап жүзеге асуына себепші болған, оның сол кездегі шашбауын көтергендер қатарында, Қазақстан Халық Комиссарлар Кеңесінің төрағасы Ораз Исаұлы, Өлкелік партия комитетінің хатшысы Ізмұқан Құрамысұлы, Қазақстан Орталық Кеңесінің Комитетінің төрағасы Елтай Ерназаров және т.б. басшы қызметтегі сатқын қазақтар болды. Олар Голощекиннің қазақ жеріне жасаған ылаңына көмек қолын созған, ұлттық рух, ұлттық мүддені қара басының қамына сатқан опасыздар еді. «Кіші Қазанды» жүзеге асыруды Голощекин Қазақстандағы ауылдарды жедел кеңестендіруден бастағаны белгілі. 1925 жылғы 1 желтоқсанда өткен Бүкілқазақстандық V конференцияда: «Шындығын айтсам, ауылда кеңес өкіметі жоқ, байлардың, рулардың үстемдігі ғана бар», — деп мәлімдеме жасайды [1,99] арнайы жоспары болмаған, мерзімі белгіленбеген, бірақ жүргізу қолға алынған «кіші Қазан» бағытының белең алуына 1927 жылдың күзінде И. Сталинге жазған хаты басты рөл атқарады. Ол хатта ауылда еңбекшілердің шын мәніндегі кеңестерін құру, «қосшы» одақтарын ұйымдастыру, ауыл коммунистерін қалыптастыру, ақпаратты жергіліктендіру, мәдениетті көтеру, ауыл мұғалімдерін даярлау, сауатты және мәдениетті казактарды ауылға аттандыру, дала қазағының өмір салтына ықпал жасау – оларға қасықты, шанышқыны қалай ұстауды, таза іш киім киюді, үйлеріне терезе, мұржа орнатуды т.с.с шараларды жүргізгісі келетіндігін бұл қадамға өз көзқарасын білдіруді сұрап жазған хатында, «Жолдас Голощекин! Менің ойымша хатта белгіленген саясат бірден-бір дұрыс саясат болып табылады. И. Сталин» деген кесімді жауабы Голощекинге қазақ жеріне ойына келгенін істеуге айқара жол салып берген болатын [2, 102].
Ұлы Қазан төңкерісі бірнеше жылдар бойы таптық күрестің нәтижесінде жасалса, кіші Қазан төңкерісі қолдан жасалған тұжырым болып шықты. Оған Голощекиннің жоғарыда аталған Сталинге жазған хаты дәлел. Сөйтіп Голощекин кіші Қазан төңкерісіне жан бітірді. Бұл әрекеті бүкіл бір халықтың тағдырын тәлкекке салды. Шындығында, бұл «кіші Қазан» бағыты социалистік қоғам орнатудағы революциялық қозғалыстың бір бөлігі болса, онда неге ол Ресейдің қарамағындағы басқа республикаларда жүргізілмеді? – деген заңды сұрақ туатыны сөзсіз. Зұлматқа ұрындырған осы «кіші Қазан» бағытының тек Қазақ жерінде ғана жүргізілуінің обьективті және субьективті себептері бар.
Олар:
1. Кең байтақ Қазақ жері Ресей үшін ішкі және сыртқы саясаттарын жүргізуге өте қолайлы болды.
2. Жүздеген жылдар бойы отарлап, меншіктеп алуы, байырғы халықты «бұратана» деп басынуы, жаман үйді қонағы билейдінің кебі киілді.
3. Қанына сіңген алауыздық сырттан келген саясаттың қандайына болмасын қарсылық көрсетпей бірікпеді. Керісінше мұндай саясатты жүргізуге ел мүддесін қара басының қамына сатқан жергілікті басшылар тарапынан қолдау көрсетілді.
4. Орталық Азияның өзге мемлекетері сияқты Қазақстанда жергілікті халықтың ұстанатын Ислам дінінің рөлі әлсіз болды. Халықты топтастырушы рөл атқаратын дінге деген халықтың көзқарасы селқос болды.
5. Халық арасында шен-шекпенге, мансапқа қызығушылар, ұлттық мүддені саудаға салатындар аз болмады.
6. Қазақ халқының қанына сіңген көнбістік, момындық.
Қазақ елі «кіші Қазан» бағытын жүргізуден туындаған аштықтан және соған байланысты індеттерден 2 миллион 200 мың адамнан, яғни барлық қазақ халқының 49 пайызынан айырылды. Ұлттың тектісі мен зиялысы, жақсы мен жайсаңы, оқығаны үстем тап ретінде қудаланды.
1930-1932 жылдары Қазақстанды әйгілі ұлы жұт аштық жайлады. Нақты дерекке сүйенсек, 1930 жылы – 313 мың, 1931 жылы – 755 мың, 1932 жылы – 769 мың адам қаза тапқан. Ауыл халқының 40 пайызы ашаршылықтан өлді, (1 миллион, 750 мың адам) 1 миллионнан астам адам шетелге көшіп кетті. Оның 616 мыңы Отанына оралмады. 1931-1933 жылдары аштықтан 6,2 миллион адамның 2,1 миллионы көз жұмды. [2, 210].
Елді иесіз, халықты көмусіз қалдыру мақсаты іс-жүзіне асырылды. «Қалпыңды сақтағың келсе, салтыңды сақта» деген қағида, қалыпты тіршілік бұзылып, әдет-ғұрпынан, дінінен, әділеттіліктен айрылған қазақ салтында да сақтай алмайтын халге душар болудың аз-ақ алдында қалды. Дінсіздену, ділсіздену, тексіздендіру жоспарлы түрде жүзеге асырылды. Большевиктік идеологияның ұраны болған: «Адамдар ұлттық төлтума ерекшеліктерінен айрылған сайын тату өмір сүреді» деген алдамшы үстем пікірді пайдалану барысында ортақ құндылықтарды бетке ұстап, осылай ұлттық қасиеттерді аяққа басу дағдыға айналды.
Әлем халықтарының ішінде рухани жағынан болсын, ұлттық мүдденің аяққа тапталуы болсын, халықтың тарихының терең тамырына балта шапқан, түрлі зобалаңдарға ұшыраған үш түрлі халық бар. Олар америкалық «үндістер», кхмерлер, қазақ халқы.
Біріншіден, америкалық «үндістер» Христофор Колумб 1492-1504 жылдар арасында 4 рет саяхат жасаған, оның артын ала конкистадорлар, Еуропадан алғаш қоныс аударушылар легі келіп жеткен кезде сол жердің байырғы халықтарының өмір сүріп жатқанына әрісі 40-50 мың жылдай, ең берісі 12 мың жылдай заман өткен екен. Алайда Американың байырғы халқы өздеріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, бірақ Колумб осыдан бес ғасыр бұрын қателесіп тели салған «үндістер» деген аттан әлі күнге дейін арыла алмай келеді. америка тарихы туралы жазылған оқулықтарда «байырғы америкалықтар» немесе «жергілікті халық» деп аталғаннан гөрі «қызыл терлілер», «қауырсынды дұшпандар», «боянған одақтастар», жабайылар» яки «тарихсыз халық» деген тәрізді ар-намысына тиетін, кемсітетін жанама атауларға жол беріліп келгені ақиқат [3,309].
Екіншіден, кхмерлер халқының адам айтқысыз қорлық көруі «билікқұмар» Пол Пот есімімен тығыз байланысты. Марксистік социализм құндылықтарын дәріптеген полпоттықтар үшін адам өмірі құнсыз болды. Мао Цзедунның идеяларымен рухтанған Пол Пот аграрлық қоғам орнату жолында бір ғана Пномпеннің өзінен 2 млн-нан астам бір күннің ішінде ауылдарға, коммуналарға, таулы аймақтарға қуып шықты. Полпоттықтар оқты үнемдегендіктен, адамдарды қазылған траншеяларға тақап қойып, қарақұстарынан күрек немесе кетпенмен ұрып, құлатты. «Қызыл кхмерлер» жазалаудың неше түрлі тәсілін қолданды: целлофан қалтамен қылғындыру, керіп қағып тастау, ең жаманы – сумен қинау болды. Лагерьлерде аштықтан аңға айналған тұтқындар қасындағы өлген адамдарды жегені үшін мойнына дейін жерге көміліп, аштық пен шөлдің азабын тартып, ұзақ өліммен өлуге тиіс болды[3]. Екіншідүниежүзілік соғыста Освенцим ұлтшылдар фабрикасының газ камераларында 3 млн жазықсыз адамның өлгені секілді Камбоджадағы Пол Пот дәуірінде 3 млн-ға жуық адам өлді. Пол Пот режимі кезеңінде Оңтүстік-Шығыс Азиядағы осы бір кішкентай елге «Тірі Аруақтар мекені» деген қорқынышты ат жамылды.
Империялық көзқарасты отаршылдық әрекетпен ұштастырып жымысқы, залым саясат жүргізген Кеңестер өкіметінің Қазақстандағы өкілі Ф.Голощекиннің қатерлі «кіші Қазан» бағыты қандай науқандар арқылы жүргізілгендіктері, қалай өткізілгені, қандай мақсат көздегені, ол әрекеттердің қазақ халқына тигізген зардаптарын жас ұрпақ білуге тиісті. Осы қатерлі бағыт тұтас бір халықтыі өзіндік эволюциялық даму процесіне кедергі келтіріп, оның келешегіне қиянат жасады. Зерттеу барысында қолында саяси-экономикалық тәуелсіздігі жоқ халықтың өмірі, мұқым тағдыры қандай күйде болатындығына көз жеткізілді. Басқа ұлттың, өзге мемлекеттің, қазақ елінің ішкі ісіне, тұрмыс тіршілігіне қол сұғып, оы арнасынан күшпен бұрып алып, өз айтқандарын орнатудың неше түрлі зымиян әдіс-тәсілдерінің қолданылғаны мәлім. Қазақ жері, оның халқы осы жылдары бұрын-соңды болып көрмеген әлеуметтік тәжірибе жүргізетін қолайлы полигонға айналдырылды. Міне, айдың күні аманында ешбір соғыссыз қырылып қалған қазақ халқының осы қанқұйлы трагедиясы Ә.Тарази әңгімесіне арқау болған. Автор «іштен шыққан жау жаман» екендігін,бір шаңырақтың астына ұрандап жиналғанымен, жергілікті отырықшы елдің құтые қашырған Кеңес үкіметінің озбыр да әккі саясатын, оның зардабын жеткізген.
Қорыта айқанда, аштықтан ес ауып, адам етін жеуге әзір тұру, бауыр етің балаңды да өлімге қию, өз өміріңды кендір арқан жіпке тапсыру, жалғыз балаңды құшағыңда қысып жатып, өмірден озу!.. Не қылған үрей! Адам санасына, адам жүрегіне, ұлт тамырына қысым жасау… Неткен қатігез жүйе. Қазақ даласында үрей шашқан уілдеп соққан жел. Өңменіңнен өтіп, санаңды жаншып түсетін ел ішін кезген үрей. Қорқынышты үрей…
Тарих бір рет қана жазылады, әдебиет халықтың өмірінің бейнесі, бүгінгісі, кешегісі. Бүгінгі, ертеңгі өмірі жоқ халықтың тарихы да болмайды.
Әдебиеттер тізімі:
1. Ә.Тарази. Ауыл шетіндегі үй. – Алматы: Атамұра, 2002.
2. Қазақстан тарихы. – Алматы, 2012
3. Г. Тоқшылықова. Кхмер әдебиетінің жанрлары. Абай атындағы ҚазҰПУ Хабаршысы. Филология сериясы. 2013. — №3
 
Жанатаев Данат Жанатайұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты
Өтеміс Айгүл Сәкенқызы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.