Ақылды қария-ағып жатқан дария

Жанатаев Данат Жанатайұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент
Төлебай Әсемкүл Мейрамбекқызы
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
1-курс магистранты
Ақылды қария-ағып жатқан дария
«Өткен менен кеткенді,
Көп жасаған қарт білер»
Шал ақын
Уақыт өте келе кез-келген халықтың салт-дәстүрі, халықтық тәрбие үлгісі ұмыт қала бастайды. Сол құндылықтарды еске түсіруші, бойға сіңіруші-қарттарымыз. Қарттарымыздың қадірін түсіне білу-көрегендігіміздің белгісі. Қазақ қашан да үлкенге сәлем беріп, үлкеннің өсиет-тілегін орындаған халық. Қарттарымызды-өткенімізбен байланыстырушы, жарқын болашаққа жетелеуші деп білуіміз қажет. Ата-анамызға ата-әжемізден берілген тәрбие- талай жылғы қазақ халқының заманға сай сұрыпталған тәрбиесі. Қазақтың әрбір ақсақалы-шешен, әрбір ақ орамалдысы «келер ұрпағым» деп өткен ғой, шіркін! Қартаю-парасат-пайымның толығып, келер ұрпаққа сеніммен қарауының белгісі. Қарты бар құтты қоныста өскендердің бірі-мен. Жастайымнан ақ жаулықты әжемнің күнделікті беретін батасына ел тыныштығын қосуы, Құран бағышталғанда тізілген әруақтардың есімін атап, құрмет көрсетуі, аузынан «Алла»-сы түспегені, бәрі есімде сақталған. Кешегі өткен шешендер, дана қариялардың қағаз бетіне түспеген философиялық мәнге толы ғибратты сөздерін санамызға сіңіруге тырысты. Ақ ниетті әжемнің басты тәрбие құралы-мақал-мәтелдер еді. Рухани өсуіме ықпал етіп, айтар сөзді сүзгіден өткізіп жеткізуге, салмақты сөйлеп үйренуге септігін тигізді.
Ата-аналарын қарттар үйіне өткізген безбүйректер қаншалықты баға жетпес асыл дүниеден қапыда, өз еріктерімен айырылып жатқанын түсінсейші! Қазақта қарғыстың жаманы- «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дегені. Адамдардың көбі ата-анасын жаңа заманға ілеспеген, әлсіз көреді. Нарықтық заманда арпалысқа түсіп, өз орнын ойып таппай және ұлттық болмысты да сіңірмей екі кеменің басын ұстағанның кейпінде жүр. Қазақи болмыстағы адам әрқашан үйінің үлкенімен кеңеседі, бар мәртебесін көрсетеді, ешкімге бергісіз асылы көреді. Барлық адамгершілік мораль, ұлттық сипатты бойына сіңіреді.
Кейде ойланамын, қарттар үйіндегі дана тұлғаларымыз бен балалар үйіндегі еліміздің келер болашақтарын байланыстырар шаралар болса екен деп. Өскелең ұрпақ дана қазақ қартының ақыл-өсиетін тыңдап үлгерсе, болашағына керек өмірлік азыққа қанық болары анық. Қарттарымызды көзі тірісінде бағалайық, берген тәрбиесін болашақта перзенттерімізді тәрбиелер құрал етейік!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.