ӘБІШ КЕКІЛБАЙҰЛЫНЫҢ «ТАСБАҚАНЫҢ ШӨБІ» ӘҢГІМЕСІНДЕГІ КЕЙІПКЕРЛЕР

Жанатаев Данат Жанатайұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің доценті
 
Дәурен Жадыра,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-курс магистранты
 
          Әдебиет – өмір. Өмір – тіршілік. Ал тіршілік деген – адам. Көк аспан, жер ана, ерке жел, алып шынар т.т. адамсыз тек аспан, жер, жел, шынар ғана. Түрлі бояуға толы әлемнің түстерін ұрлап алғандай. Ойлап қарасақ, адам деген ешқандай палитрада жоқ – ерекше бояу. Неге болмасын қосқанда өзгеше өң береді. Өзгеше дегенді ерекше екен деп түсіну қате. Өзгеше жақсы да, жаман да болады. Бір қызығы кімнің қандай екенін бірден білу қиын. Шамасы, түсіну де қиын секілді. Мәселен, Әбіш Кекілбайұлының «Тасбақаның шөбі» әңгімесінде неше түрлі бояу бар. Әңгіменің ерекшелігі бояудың көптігінде емес, басты ретінде таңдалған екі ғана бояудың түрлі сатыдан өтіп қана барып, ақыр соңында өзгешеліктерінің анық болуы. Автор адам психологиясының тылсым қырларын кейіпкерлерінің бойына шеберлікпен кіріктірудің, сіңдірудің арқасында мынау жақсы, мынау жаман деп үзілді кесілді бөліп тастауға жол бермейді. Автор оқырманға ойлан дейді. Бояулардың сырын ашып көр, түсін дейді.
Оқиға бастапқыда Оңбайдың жұмсауымен ауданға аттанған Қарабаланың жолда тасбақаның шөбін алуынан басталатын секілді әрі оқиғаның ары қарайғы өрбуі де осы тасбақаның шөбінің арқасы секілді баяндалады. Оқырманның осындай шешімге келуі автордың Қарабаланың призмасы арқылы  оқиғаны баяндауында. Яғни POV – Қарабала. Бір қызығы Қарабала арқылы оқырман Оңбайдың оқиғасымен танысып жатқандай болып келіп кейіпкерлердің мотивациясы орындалған тұста Оңбайдың оқиғасы арқылы Қарабала оқиғасы айтылғанын түсінеді. Автордың әңгіме басындағы мына тұсына назар аударайық «талай ғасырды басынан өткерген КӘРІ МЫСТАН» тасбақа мен «тырмыса жорғалап бара жатқан» КИЕЛІ тасбақа. Мыстанның арада бірнеше сөйлемнен кейін киелі болып шығуы Оңбай мен Қарабаланың образдарының бастапқыдан өзгеше екендігіне «сілтеме» секілді.  Себебі Қарабаланың әңгімедегі Оңбай туралы алғашқы ойы «Шіркіннің дәмесін қара, өліп бара жатып та жұрттың жағасына жармаспақшы» денен әңгіменің орта тұсындағы «өзі құдай көретін құрдасы» дегеннің арасында үлкен контраст бар.
Қарабала қандай бояу? Ол – үйден шықпас, үндемес, тигенін киіп, бұйырғанын ішіп, ештеңеге уайым кешпей күн кешіп жүрген, әлдеқашан қара баладан қара шалға айналса да төрге шықпаған, зорға бітірген үш-ақ класстық білімі ғана бар  сүреңсіз, өңсіз бояу. Тіпті даладағы тасбақаның көзінде де «жалба тымақ қазақ» болып суреттеледі. Расында да солай ма? Бастапқы келбеті осы, алайда ауылынан басқа жерге барып көрмеген ол оқиға өрбіген сайын өзгеше өң бере бастайды. Алласын аузынан тастамайтын, кез келген жағдайда тәубәсі бар Қарабала мүлде сүреңсіз де, өңсіз де емес. Символикадағы бойынан қарапайымдылығы анық көрінетін қоңыр түс секілді.
Оңбай қандай бояу? Ол – кішкентайынан ұрыншақ, бала кезінен «бәрібір Оңбайдың есебі түзу» деген ұстанымы бар, оқуға жүйрік, сөйлеп қалған ауыз, болайын деп тұрған өткір жас жігіт, не істесе де бәрі қолынан келетін жарқырап тұрған бояу еді. Соғыс келіп қыстырылмағанда Оңбай одан сайын жарқырай түсер ме еді? Майдан оның оң аяғын ғана емес, болам-толам деп тұрған періште көңілінің қанатын да қоса жұлып кеткен. Соғыс тәннен бөлек жүрекке де жара салатыны ұмытпау керек. Ендігі Оңбайда күңгірт түс басым.
«Тасбақаның шөбіндегі» басты жетістік кейіпкер образын оқырманға сатылай ашып беруі ғане емес, кейіпкердің өзін шеңбердің ішінен шығармау. Осы арқылы оқырманға ой салу. Қарабала өмір бақи бір ауылдан аттап шықпай, ешқайда ұзамай бір жерде ғана күн кешкен ұста. Осыдан Қарабаланың әлемі де сондай кішкентай. Ал ондағы алып тұлға – Оңбай. Оны құдайдай көреді, оның тілеуін тілеп, қайғысына бірге қынжылады. Соның қамы үшін ауданға аттанды, тіпті тасбақаның шөбі өзіне бұйырғанда да Оңбайға бұйырғанда деп армандады. Шарапаты Оңбайға тисін деді. Рұқсат қағазды алғанда да Оңбай қуанатын болды деп екі есе қуанды.  Осыдан Қарабаланың бойында бір түйір де арамдық жоқ екендігі, қызғаныш, тәкәпарлықтан ада адам екендігі айқын көрінеді.  Оқиға соңында хабарды алып келгендегі кеңк-кеңк күлер деп күткен Оңбайдың алғашыда көзінен қуақы ұшқын, жымысқы, жымсиып сөз бастағанынан қуанышты хабарды естігендегі алая қараған көзі мен көк сұр бетіне зіп-зілдей іліккен кекесінге дейінгі аралық оны жаңаша қырынан танытады. Ендігі оның аспаны құлады.  Осы хабар «алып денелі Қарабайдың жаннында өзі кеміс болса да оны байқұс көріп, өзгелер туралы мен болмасам қайтесіңдер» деген тіреуішін алып тастады. Бірақ Қарабала оны байқамады, өзін өзі сондай төменшіктеткен, Оңбайды бары санаған әлемде ендігі ол әйеліне дәрі алуды ұмытып кеткенін ғана ойлады. Расында, рұқсат қағазының берілуі тасбақаның шөбінің киесі емес өзінен екенін де Қарабала аңғармады. Өзгелер өзінен көре алған бояу Қарабала үшін сүреңсіз болып қалса, әлдеқашан жарығы кетіп сұр болып қалған Оңбайдың бояуы ол үшін жарқырауын тоқтатпайды.  Бұл Қарабаланың ешқашан шаға алмайтын шеңбері.
 
 
 
 
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.