Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерінің тәрбиелік мәні

Шакизада Альбина Бақытжанқызы, Сәлменова Мәдина Мәденқызы
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 1-курс магистранттары
Ғылыми жетекшісі: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы
«Бір Құдайға сиынып,
Кел, балалар, оқылық!
Оқығанды кӛңілге
Ықыласпен тоқылық!»
Қазақ жастарының салауатты білімді болуына тер төккен  көрнекті ағартушы-ұстаз, қоғам қайраткері, жаңашыл педагог, ақын, жазушы, этнограф, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Ыбырай Алтынсариннің өмірі мен шығармашылық қызметі ел тарихындағы жарқын беттердің бірі болып табылады. Ол – білімнің шырағын жаққан ұлт ұстазы. Қазақ қоғамын терең түсіп, жаңаша сезінген Ыбырай өз бетінше оқып ізденген. Ыбырай тілмаштық қызметтен гөрі халқына пайдалы іспен айналысу керектігін түсінеді. Тарихқа үңілер болсақ, 1860 жылы облыстық басқарма Ыбырайдың өтініштерін қанағаттандырып, Орынбор басқармасында қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуға рұқсат береді. Шалғай қалада мектеп ашу қиын болды. Себебі қаражат, мектеп ғимараты, құралдары мүлде болған жоқ. Алайда қиындықтар Алтынсаринді тоқтата қойған жоқ. 19 жасында Торғай мектебіне мұғалім болуына рұқсат алады. Бірақ мектеп әлі ашылмағандықтан біраз баланы үйінде оқытады. Виктор Гюгоның «Мектептің есігін ашқан адам түрмені жабады» деген сөзі бар. Ыбырайдың мектебі қазақ халқын ұлт ретінде азаттыққа жетелеген, күреске дайындаған, ең алғашқы қазақтың зиялыларын қалыптастырған мектеп. Ыбырайдың бұл бастамсы осынысымен маңызды. Ең алғашқы ана тілінде  бағдарлама жазылып, қазақ балалары қазақ хрестоматиясымен қазақ тілінде оқыған алғашқы мектеп – Ыбырайдың мектебі. Елден қолдау тауып, қазақ даласындағы тұңғыш мектептің жобасын жасап, арман еткен мектеп 1864 жылы ашылады. Бұл қазақ даласында жаңа дәуірдің басталуы еді. Балаларды оқытуға «қойға шапқан аш қасқырдай» қызу кірісіп, үлкен үміт арқалаған.
Білім беру ісі – ауыр жол. Ыбырай қазақ балаларының көзі ашық, көкірегінің ояу болғанын  қалайды. 1879 жылы «Қазақ хрестоматиясын» жазады. Кітаптың алғашқы бетінде балаларды білімге шақырған, ғылымның маңызын түсіндіретін «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңдері басылады. Қазірдің өзінде «Кел, балалар, оқылық!» деген жолдар көптеген мектептердің маңдайшасында ұран есебінде ілулі тұр. Кешегі кеңес идеялогиясы кезінде «Бір Құдайға сиынып, Кел, балалар, оқылық» деген сөзін қатаң цензура алып тастаған болатын. Ақынның көптеген өлеңдері Алладан басталады. Өлеңдерінде исламшылдық дәстүр терең аңғарылады. Ал енді Ыбырайдың «орысқа жақын болды», «шоқынды» деген сөздер өсек-аяң деңгейінде қалды. Бұл туралы өзінің жазған өлеңі де бар:
… Аласы ағайынның алаңдатты,
Көре алмай көп ішінен жамандатты.
«Шоқынды», «крест тақты», «әй, кәпір» деп,
Аузына келгенді айтып бақты…, — дейді.[1. 195 б.].
Ыбырай жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты үлес қосты. Ол қазақ жастарын, ең алдымен, оқу, өнер-біілім, техниканы игеруге шақырды.
Оқысаңыз, балалар,
Шамнан шырақ жағылар,
Тілегенің алдыңнан
Іздемей-ақ табылар [2. 8], — деп бар игіліктің оқумен ғана келетінін насихаттады. Бұратана халықтың бұғауында ұстағысы келген билікке төтеп берудің бір ғана жолы білімді ұрпақтың санын арттыру. Бұл жолда Алтынсарин еш аянып қалаған емес. Ол халық ағарту ісіне арнаған әдеби туындыларында оқу білімді насихаттаудың ұтымды әдісін қажеттігін көрсетті. Оқу білімнен кенже тұрған халық үшін ғылым мен техниканың жетістіктерін насихаттайтын қысқа көлемдегі поэтикалық шығармалардың айрықша ұтымды екенін, әсерін терең сезінді, сенді. «Кел, балалар, оқылық!» өлеңінде ақын қазақ ауыз әдебиетінің дәстүрлерін шебер пайдаланып, білім мен адамдықты, жақсылық пен жамандықты қатар алып салыстырып отырды:
«Істің болар қайыры,
Бастасаңыз Аллалап.
Оқымаған жүреді
Қараңғыны қармалап…
Надандықтын белгісі
Еш ақылға жарымас…
…Білім деген қарымас.
Жөн білмеген наданға
Қыдыр ата дарымас[2. 9 б.]»
Ақыл, нақыл, өнегеге толы өлеңі оқушылардың түсінігіне жеңіл тілмен, қысқа жазылған. «Кел, балалар, окылық!» өлеңінде малдың бір-ақ жұттық екені, ал оқыған адамның байлығы ешқашан жоғалып-жұтамайтыны, киім де, тамақ та, өнер-білім де оқумен табылатыны, қартайғанда да білім сүйеніш болатыны айтылады. Ақынның бұл өленді жазудағы негізгі басты мақсаты — балаларға өнер-білімнің пайдасын түсіндіріп жеткізу.
Шындығында, ұлт ұстазының «Кел, балалар, оқылық!» өлеңі қазақ әдебиетіндегі, оның ішінде балалар әдебиетіндегі балаларды оқу-білімге шақыратын дидактикалық сарындағы ең шоқтығы биік туынды.
Ыбырай Алтынсариннің бір алуан өлеңдері әлеуметтік мәселелерге арналған. Оған «Өсиет өлеңдер», «Әй, жігіттер» т.б. өлеңдерін қосуға болады. Мұндай өлеңдері биік адамгершілік тұрғысынан ұрлық-қарлықтан, әділетсіздікті сынап, еңбексіздікті, ескілікті салттардың зияндығын көрсетіп, адал еңбектің, адамгершілік мінез-құлықтың артықшылықтарын бейнелейді. Мысалы:
«Әй, жігіттер, үлгі алмаңыз,
Азған елдің ішінен.
Алыс-алыс қашыңыздар,
Зияндасты кісіден.
Жақсыны көзбен салмаңыздар,
Жақсыдан қапыл қалмаңыздар…[2.92]»
Ыбырайдың мұндай өлеңдері бүгін ескірді, мән мағынасы көнерді деп айта алмаймыз. Жазушының адамгершілік туралы идеялары эстетикалық тәрбиемен байланысты. Бір-бірімен ұсташтырыла суреттеліп отырады. Оның шығармаларынан ақынның биік адамгершілік қасиетін, азаматтық тұлғасын көреміз, сүйсінеміз.
Ы.Алтынсарин мұрасының басым көпшілігі әдеби көркем шығармалар болып келеді, алайда сол өлеңдері мен көркем әнгімелерін ол тек педагогикалық- тәрбиелік мұрат-максатқа сәйкес жаратады, бұл жәйт оның жазушылығы мен педагогтығының бір арнадан бастау алатындығын аңғартады.
Ы.Алтынсариннің ұстаздық, тәрбиешілік қызметінің өзі негізінен жастарды өнер-білім, техниканы игеруге шақыру, сол аркылы қазак даласын жайлаған қараңғылық пен надандылыққа қарсы батыл күрес ашуға бағындырылады. Осы орайда, ол көркем әдебиеттің әсіресе, поэзияның әсер ыкпалын тиімді пайдалануын қарастырады.
Сан алуан аудармалары да Ы.Алтынсарин қаламынан кейін құлпырып сала береді, мұндай сипат, оның бір топ өлеңдер мен әңгімелерге жасаған өңдеу-өзгерістерінен де анық байқалады.
Ақын өзі жазған, не елден алып өндеген өлеңдерінде олардың тәрбиелік нақыл-насихаттық мәніне ерекше зер салады. Сол арқылы жас буынды ізгілік пен адамгершілікке, әділдікке, зейінділік пен еңбекке баулуды көздейді.
Хадис: «Садақаның ең абзалы – бір мұсылманның білім үйреніп, оны басқа мұсылман бауырына үйреткені».
Ыбырай мұны іс жүзіне асырып, бойына жинаған бар ғылым-білімін жан-тәнімен балаларға үйретті, бүкіл ғұмырын сол жолға арнады. Әдебиет ‒ адамның жаны деп білген ол балалар санасын әдебиет арқылы да тәрбиелеуге ұмтылды. Өнер – білім өрге жетелейді. Сондықтан да Ыбырай:
«Өнер – білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден
Көзіңді ашып-жұмғанша
Жылдам хабар алғызды.
Мың шақырым жерлерге
Аты жоқ құр арбаны —
Күн жарымда барғызды», ‒ деп өнер-білімнің артықшылығын балаларға айдан анық етіп, өлең жолдарымен жеткізді. Мектептер ашты. Онда мыңдаған бала оқыды, олар қанша балаларлың сауатын ашты?![1. 21 б.]
«Өнер білім бар жұрттар» өлеңі арқылы, елін-жерін сүюге, адамгершілікке, жаңашылдыққа, білімге жетеледі. Оқу-білімге ұмтылу арқылы, жарқын болашақтың мол мүмкіншіліктеріне қол жеткізуге болатынын әсерлі жеткізеді. Отанының да көркеюіне үлес қосуға, қазіргі ақпараттық тасқын заманында, әлем әр сәт сайын өзгеруде. Сол заман ағымымен бірге жүзіп, ілім үйренуге шақырады. Мүмкін еместі мүмкін қылатын, білімді жастар екенін астарлап, көркем тілмен жеткізе білді. Осылайша, білім-өнерден алыс жатқан қазақ балаларын жинап алып, осы тәріздес үгіттік, ұрандық мәні бар өлеңді ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп қалдырды.
 
«Жаңа өспірім достарым,
Қатарың кетті-ау алысқа-ай!
Ұмтылыңыз, қалыспай.
Біз надан боп өсірдік
Иектегі сақалды.
Өнер – жігіт көркі деп
Ескермедік мақалды…
Біз болмасақ сіз барсыз,
Үміт еткен достарым,
Сіздерге бердім батамды[2. 10 б.]», — деп «техниканы меңгерген  жас мамандар, жас ғалымдар шықса екен» деп жас ұрпаққа өз батасын беріп отыр. Ыбырай аңсаған асыл арманы бүгінде орындалды.
«Өзен» өлеңінде әсем табиғаттың, көмкерілген мөлдір сулы өзенінің сұлу кейпі сипатталды. Таудан арқырай аққан жан-жануарлар мен орман тоғайларға, тіршілік иелеріне рахат, нәр беретінін, елге ризық әкелетінін шынайы суреттейді.
Таулардан өзен ағар сарқыраған,
Айнадай сәуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, ыстық соқса бір қалыпта,
Аралап тау мен тасты арқыраған[2. 79 б.].
Көңіліңнің сарайын ашып, денеңдегі дертіңді қашыратын, жел де, ыстық та әсер ете алмайтын, түскен тас та, кешіп өткен мал да лайлай алмайтын, қалыбымен арқырай ағып жататын өзен суретін ақын көз алдыңа әкеледі. Ыбырай табиғатты шебер бейнелеу арқылы табиғатты жандандыра жырлаудың жаңа тәсілін алып келді. Яғни, Ыбырай Алтынсарин түр жағынан табиғатты жырлаған тұңғыш ақын болды.
Ы.Алтынсариннің өлеңдері балаларға түсінікті, қарапайым, көңілге қонымды әрі мақал – мәтелдерге толы. Ақын білім тек оқу білуде ғана емес, сонымен қатар алған тәрбиеңмен ұштастырып, саналы түрде бекітуің деп біледі.
Ыбырайдың бірлі-жарым өлеңдері табиғаттың сұлу көріністерін суреттеуге арналған. Мұндай лирикалық өлеңдер қазақ әдебиетінде Ыбырайға дейін жөнді кездеспейтін еді. Оның «Жаз», «Өзен» өлеңдері кезінде қазақ әдебиетіне жаңалық болып қосылды. Адам өмірі табиғат аясынан тыс болмақ емес. Бірақ Ыбырайға дейінгі қазақ ақындары табиғатты өз алдына тақырып жасап, бөлек жырлауды дәстүр етпеген еді. Ыбырай мен Абай қазақ әдебиетінде жыл мезгілдерін өз алдына тақырып етіп жырлаған жаңашыл лирик ақындар болды. Ыбырай «Жаз» деген өлеңінде:
Сәуірде көтерілер рахмет туы,
Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.
Көктен жаңбыр, таулардан сулар жүріп,
Жайылар жер жүзіне қардың суы…
Ыбырайдың табиғат туралы өлеңдері бастан-аяқ адам тіршілігіне байланысты. Ақынның бұл өлеңдері реалистік суреттерімен ерекшеленетін, әдебиетімізге қосылған зор үлес. Ыбырай өлеңдерінің лирикалық кейіпкері оқушыға тым жақын. Ол оқушының жан дүниесінде жайдарылық сезім туғызады, көңілді әсер қалдырады. Ақынның лирикалық кейіпкері табиғат сұлулығын да тани біледі, одан өзіне рухани күш те ала алады. Шын мәніндегі пейзаждық лирика нағыз талантты ақынның қаламынан, жазба әдебиеттің кесек өкілінен ғана туады деп есептесек, «Жаз», «Өзен» өлеңдерін оқи отырып Ыбырайдың осы айтылған талаптарға сай келетін ақын болғанына көзімізді еркін жеткізуге болады. Оның өлеңдерінің әр шумағында табиғаттың белгілі бір көрінісі суреттеледі. Жеке суреттеулердің жанды бейнеге келтірілуі табиғаттың әр  құбылысын оқушының көз алдына келтіре алады.
Алтынсарин жастарды ынтымақтастыққа, бірлікке шақырып, үлгілі, өнегелі жас болуға тәрбиелейді. Мұндай өлеңдерінің қатарына «Әй, жігіттер», «Әй, достарым», «Азған елдің хандары», «Бәріміз бір адамның баласымыз» т.б. өлеңдері жастарға айтқан өсиеті, жастардың жолына жаққан шамшырағы іспетті. «Өсиет өлеңдер» шығармасында:
Жаратты неше алуан жұрт бір Құдайым,
Тең етті бәрімізге күн мен айын.
Адамның адам біткен баласымыз,
Қайсың бөлек тудың деп айырайын.
Бәріміз бір адамның баласымыз,
Жігіттер бір – біріңе қарасыңыз.
Өмір деген бес күндік кетер өтіп,
Атаң барған орынға барасыңыз [2. 88 б.], — деп бес күндік пәнидің жалған екенін, қарабас қамың үшін малданбай, бір-біріңе жәрдем етуді, ақиқаттың ақ жолымен жүруге үндейді.
Ыбырайдың «Өсиет өлеңдерінен» біріншіден, ақынның ізденпаздығын, білімпаздығын, екіншіден, араб, Шығыс классикалық әдебиетімен таныс болғанын, араб тілін білгенін, Құранды да оқып, зерттегенін, үшіншіден, ислам дінін ардақтап, оның идеяларын насихаттағанын, төртіншіден, оның шығыстың нәзира дәстүрін қазақ жазба әдебиетінде алғаш қолданған ақын екендігін байқаймыз[1. 120 б.].
Ы.Алтынсарин өз шығармаларының негізі идеясы – балаларға білім беріп, білімге, өнерге жол ашу мақсатында жазғанын атап кеттік. Ұлт ұстазының «Өсиет өлеңдері» де аты айтып тұрғандай, сол мақсатта жазылған:
…Пайғамбар бұрынғы уақытта Дәуіт еткен,
Патша боп, бұл дүниеге даңқы кеткен.
Отыз ұлым бар ғой деп, көптік ойлап,
Құдайым отызын да әлек еткен.
Жылаған Дәуіт патша тоба қылып,
Өзінің пенде екенін сонда біліп.
Мұнан соң Тақ-Сүлеймен туды дейді,
Отыз ұлға бір өзін жора қылып, — десе, жастарды барға масаттанып, асып-таспаудан сақтандырып, бұл дүниеде қанша даңқты болсаң да Алла алдында пенде екеніңді ұмытпа деген ақыл-кеңес айтады.
Ы.Алтынсарин Құрандағы, Шығыс аңыз-әңгімелеріндегі адамгершілік идеясын балалар санасына сіңіруді көздейді. «Өсиет өлеңдерінде» Ескендір жайында әңгіме қозғап, оның патша болғанын, дүниені жаулағанын, өлмеуді арман етіп мәңгі судан ішкен адам мәңгі өлмейді екен дегенді естіп, мәңгі суды іздеп барғанын баяндайды. Мәңгі судан су алып келуге уәзірін жұмсайды. Уәзірі суға барып, өзі ішіп, патшаға арнап тағы бір кесе су алады. Сол кезде бір адамға жолығып, «Мұнда отырған неткен жансыз, қарасақ келбетіңе мұсылмансыз?» деп жөн сұрайды. «Мен-дағы бір патша едім, еш күмәнсіз», — деп бейтаныс адам әңгімесін былайша жалғастырды:
Өлмеске мен де осындай талап еттім,
Бір күні осы суға келіп жеттім.
Әрбір іс уақытында қызық екен,
Ақыры өз басыма азап еттім.
Бір заман әлек болды барша елім,
Қалмады қыдырмаған ешбір жерім.
Кемдіктің неше түрлі бәрін көріп,
Aһ, енді өлім болса маған дедім.
Дүниені неше айналып, неше кездім,
Өз жаным мен денемнен өзім бездім.
Маған өлім бермеді Құдай-тағала,
Енді тастап дүниені мұнда келдім.
Қыдыр-Ілияс қайтып келіп суды Ескендірге ұсынады. Ол ішейін деп ұмтылғанда су аузына бармай қояды. Оның себебін ақын мына жолдармен жеткізеді:
Тағында Тақ-Сүлеймен не қылмады,
Өмірін соңындағы шағындады.
Наушеруан — діні кәпір, әділ өтті,
Дозаққа соның үшін жағылмады.
Бұзғанбыз әділдікті бұл мал үшін,
Жиясыз оны-дағы бір жан үшін.
Әзәзіл періштенің бастығы екен,
Не болды тәкәппарлық қылғаны үшін?
Аюпты сегіз жылдай мың құрт жеді,
Болыпты бөлек-бөлек соның тәні.
Мал-жанның өре туған бәрі безіп,
Далада жалғыз жатып, «Алла» деді.
Әділетсіз, тәкәппар адам қанша бай болса да жұмаққа бармайды, діні кәпір болса да, әділетті адам тозаққа жағылмайды. Ескендірдің аузына судың бармау себебі осында екен.
Өлеңде кездесетін Қыдыр-Ілияс — пайғамбар. «Шығыс елдері ауыз әдебиетінде киелі адам бейнесінде көрініс табады. Наушеруан — ежелгі дәуірдегі Иран патшасы. Аюп — пайғамбар, Қарынбай — қазақ ертегілері мен аңыздарында кездесетін сараң, қайырымсыз, мейірімсіз бай адамның бейнесі. «Қарынбай мұсылман мифологиясындағы Құрандағы Карун туралы аңызға байланысты қалыптасқан. Құран мазмұнын жақсы білген Ы.Алтынсарин «…ұмытпа бай болдым деп бір құдайды, жер жұтқан қайырсыздан Қарынбайды» — деп калыптасқан аңыздың алғашқы нұсқасының мазмұн- мәнін дәл сақтаған» [Сәтбаева Ш. Алтынсарин өрнектерінің кейбір сырлары. «Ыбырай Алтынсарин тағылымы». — Алматы: «Жазушы», 1991. — 279 б.]. Зылиқа — Жүсіп – Шығыста көп тараған, Фирдаусидің шығармасының кейіпкерлері.
Өлең қазақтың он бір буынды қара өлең үлгісімен жазылған терме. Терме — өнеге, өсиет, ақыл-нақыл, ойлы, тапқыр сөздерді теріп айту. Ыбырай да бұл өлеңінде балаларға үлгі-өнеге, сабақ боларлық аңыз әңгімелердің басын шалып, бірінен соң біріне көшіп, адалдықты ізеттілікті, ізгілікті насихаттайды: «Қорлама кем адамды болсаң дана», «Ұмытпа бай болдым деп бір Құдайды», «Иманды ер Құдайынан ұялады», «Ренжітпе пенде болсаң, бейшараны», «Бір әділ, қазынасы кең патшаңды ізде!», «Мақтанба бақыттымын деп бағыңызға», «Мақтанба сұлумын деп ажарыңа, Ажарсыз адамдарды ал назарыңа». Бос мақтаннан, асып-тасудан, қайырымсыздықтан, сабырсыздықтан сақтандырады: «Іске аспай бақ-дәулетің қалуы оңай, Басыңнан бағын тайған шағыңызда», «Бақ тайса ерге дәулет құралмаған», «Ағайын жат болады алыс болса, Болады жат та жақын таныс болса, Достарың, дұшпан түгіл, табалайды, Аяғын бір нәрседен шалыс болса!».
Ыбырайдың өлеңдерінің тәрбиелік мәні зор, алар дүние көп. Бұдан көретініміз жас жеткіншекті эстетикалық тәрбиемен сусындатуда өлеңдері мен шағын әңгемелерін маңызы ерекше. Бұл турасында ақын былай деп жазады: «Мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшыл тұрмыстың артықшылықтарына үйретудің өзі қазақ даласына тәрбиелік мәні бар жұмыс деп білемін», — дейді. Алтынсариннің өлеңдері мен шағын әңгімелерінің барлығы дерлік  осы айтқан мақсатқа сай келіп отыр.
Алтынсарин бала тәрбиесінде ананың рөлі ерекше екенін өлеңдерінде анық көрсетеді. Ана баланың алғашқы ұстазы. Әке мен ана балаға әрдайым үлгі. Түн ұйқысын төрт бөлген ананың  тәрбиесі бала мінезінің негізі, іргетасы. Бұл тақырыптағы өлеңдеріне «Бұл кім?», «Ананың сүюі» өлеңдерін айтуымызға болады.
«Бала, бала, бала» деп,
Түнде шошып оянған.
Түн ұйқысын төрт бөліп,
Түнде бесік таянаған.
Аялы қолда талпынтқан,
Қаймақты сүттей қалқытқан.
Суық болса жөргегін,
Қорғасын оқтай балқытқан [3], — деп түн ұйқысын қиып, бесік таянған анамызды құрметтеуге, сыйлауға шақырады. Жас бала анасын сүймесе, сыйламаса, жолдасына да, қоғамға да өз пайдасын тигізе алмайды. Отанға, елге, жерге деген махаббат отбасындағы махаббат, ата-анаға деген сүйіспеншіліктен басталады. Ізеттілік, ибалылық ананың сүтімен, әкенің қанымен бойға сіңеді. «Ұлт болам десең, бесігіңді түзе» демекші, ұлттың болашағы ұрпақ тәрбиесіне байланысты. Баланың шамшырағы, жол нұсқайтын бағдары, әрине, ол — ата-ана. Бала тәрбиесінде ата-ананың маңызы зор. Ақын өлеңіндегі басты мотиві – ананың рөлін көрсету. Осы тақырыпта жазылған «Ананың сүюі» деген өлеңін де айтсақ болады.
«Кім сендерді, балалар, тербететін,
Еркелеп, ойнатып, сергітетін?» — деп сауал қою арқылы оқушыны өзіне назарын аудартып тұр. Оқушыға ұғымды, анық, көлемі шағын етіп жазылған бұл   өлеңінде ананың бала өмірінде алар орны ерек екенін жеткізгісі келіп отыр.
«Жалқау болсаң, балалар, жаман болсаң,
Қамқор анаң көз жасын көлдететін» — деп ана байғұстың жүрегінің нәзік, баласының қамын жеп, көз жасына да ерік беретінін көріп отырмыз.
«…Кім сендерді сағынар келгеніңше,
Құлындарын көзімен көргенінше?
Сендер қайтып келгенде адам болып,
Еш арманым болмас дер өле-өлгенше» — деп оқу-біліммен сусындап отырған оқушыларға «ана үмітін ақтаңдар» деп үндеу айтылады. Сонымен қатар Ы. Алтынсарин бала тәрбиелеуде ананың балаға беретін тәрбиесіне, махаббатына  ерекше мән берді. Ананың мейірім мен махаббатын терең сезіммен жырға қосты.  Баланың ата-ана алдындағы парызын, есіне салатындай, әсерлі әрі көркем тілмен оқырманға жеткізе білді.
«Азған елдің хандары» аталатын сатиралық шолуында ақын қожалардың үй жағалап, жабықтан сығалап тамақ аңдитынын, бала-шағаны, үй-ішін састырып, баса-көктеп төрге ұмтылатынын, молдалардың Алла атын жамылып көрмей-білмей тұрып-ақ біреуге куәлік бере салатынын, билердің малы барға бұрып, кедейлерге жаны аши бермейтінін айтып, «Бүгін тоба қылмайын, ертең тоба қылайын, қашан тоба қылғанымша үзіп-жұлқып алайын» деп Құдайдан қорықпай арсыздыққа баратын арамзаларды сын садағына алады [1. 97 б.]. Оны мына өлең жолдарынан анық көруге болады:
«Азған елдің қожасы,
Қыдырып келер есікке.
Бұл үйде кім бар екен деп,
Көзін салар тесікке.
Балаларын бастырып,
Қатындарын састырып,
Төрге қарай ұмтылып,
Тамақ үшін қылғынып,
Дуа қылса керек-ті [2. 93 б.].
Ыбырай – алдымен ағартушы. Сондықтан да ол нені сөз етсе де, қандай тақырыпты қозғаса да сол ағартушылық көзқарасынан таймайды. Балаларға тәлім-тәрбие беру жағына көбірек көңіл бөліп, жаман қылықтардан жирендіреді. Ыбырайдың шығарма жазудағы негізгі мақсатының өзі балаларға пайдалы ақыл-кеңес беріп, ізгілікке, ізеттілікке, адамгершілікке баулу. Сол себепті де оның сатиралық өлеңдерінде мысқыл, әжуа, сай-сүйекті сырқыратар ащы сөз, кекесін кездесе бермейді. «Тілдемей, қатты айтпай, ұстаздық үнмен жөндем болға шақырады» [Қожакеев Т. «Сатира негіздері», ‒ Алматы. «Санат», 1996. -262 б.].
Ыбырайдың поэзиясы да, прозасының да басты тақырыбы – надандықтан құтылу, оқу, білім, өнер болды. Ол осы жолда өзі өмір сүрген ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамының әлеуметтік және саяси жағдайларына араласты. Ыбырай қай жанрға қалам тартса да оның шығармалары мен өлеңдері үгіт-насихаттық бағытта публицистикалық сарында өрбіді.
Алтынсарин «Балғожа бидің баласына жазған хаты» өлеңінде: «Оқымасаң ата-анаңды асырай алмай, надан болып, қолыңа құрық алып мал соңында жүресің», — дегенді ескертеді. Балқожа Жаңбыршыұлы – елге белгілі би, Ыбырайды тәрбие берген көреген кісі. Ыбырай Алтынсарин өзінің 1879 жылы жарық көрген «Қазақ хрестоматиясы» кітабына «Балқожа бидің баласына жазған хаты» деген өлеңді енгізген. Баласын оқуға бергенде жазған хаты болса керек-ті.
Үміт еткен көзімнің нұры, балам,
Жаныңа жәрдем берсін Құдай Тағалам.
Атаң мұнда анаңмен есен-аман,
Сүйіп, сәлем жазады бүгін саған, — деп ата сағынышы, ата үмітін арқалаған баласына «Құдай Тағала жар болсын» деп ақ батасын береді. Надан болып, өнер білмесең, келер күн «аһ» ұрып өкінесің деп, тағы да оқу-білімнің керектігін балаларға ұғындырып тұр.
Осы сияқты «Әділдік көрмеген үш төреге айтылған сөз», «Өсиет өлеңдер», «Әй, достарым», «Әй, жігіттерде» ақыл-нақыл, үгіт-насихат, тілек мол. Бұлардың бәрі өлеңді шебер жазу, көркемдік қуатын арттыру емес, мектеп оқушыларына арналған оқу құралдарына материал ретінде жазылған публицистикалық өлеңдер болып табылады.
Педагог-ақынның оқу-ағарту ісінің кезек күттірмейтін мәселе екенін, миссиясын толық ұғынғанын аңғарамыз. Ыбырай осы ағартушылық бағытын ұстанып, оған бар ақыл-ойын, күш-жігерін жұмсап, аянбай еңбек етті. Өлеңдерін де, әңгімелерін де балаларға өнеге, білім беру үшін солардың ұғымына лайықтап жазды.
«Әй, достарым» атты өлеңінде автор «қолыңнан келсе, қайыр қыл, жоғарыға оқ атпа, әзіңнің басыңа түсер, ақылсызға досым деп сырынды айтпа, күндердің күні айғақ боп алдыңнан шығар, ақылсыз достан — ақылды дұшпан артық», — десе, «Әй, жігіттерде» азған елден, зиянды кісіден үлгі алмай, жақсымен жанасуға шақырады, бақсы-балгерге сене бермеу керектігін айтады.
«Жоғары қарап оқ атпа,
Өзіңнің түсер қасыңа.
Ақылсыз жанды досым деп,
Басыңды қосып сыр айтпа…
…Ақылсыз достан-ақылды дұшпан артық.
Сырты майда, іші қан.
Ел ішінде жар-жора,
Достарыңнан бір сақтанғанда мың сақтан» — деген өлең жолдары нақыл сөз, мақалға толып тұр.
Туған халқын отарлаудың езгісінен құтқарып, ұлтын өркениетке жеткізу жолында аянбай еңбек тер төккен жан. Ол осылайша тар заманда өз қазағын білім, ғылым көкжиегіне жетелеген ұлттың ұлы ұстазы. Оқу-ағарту ісінде білімнің ана тілінде берілуіне ден қойды. Ыбырай өлеңдерін оқыту – оқушыларға жақсылық пен жамандықты айыруға, ақ жолдан таймауға, адалдық, қарапайымдылық, елжандылық тәрізді адамгершілік қасиеттерді меңгеруге жол ашады. Қорыта айтарымыз ақынның артына қалдырған мұрасы қадірі мен бағасы жыл өткен сайын арта түсетін қастерлі рухани қазынасы, ел мерейі, ұлт мақтанышы бола түспек. Қазақ даласына азаттық идеясы тарай бастаған тұста жаңа поэзияның бастаушысы, білімнің көшбасшысы, алғашқы ту ұстаушысы болып қашанда тарих биігінде тұра берері хақ.
 
 
 
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Оспанұлы С. Алтынсарин әлемі. – Қостанайқ., Центрум ЖШС, 2018. – 294 б. http://kazneb.kz/bookView/view/?brId=1584566&simple=true&lang=kk#
  2. Алтынсарин Ы. Қазақ хрестоматиясы. (Киргизская хрестоматия). – Алматы: Білім, 2-басылым 2007. – 112 б. http://kazneb.kz/bookView/view/?brId=1162436&lang=kk
  3. https://www.zharar.com/kz/olen/9269-altynsarin_bul_kim.html
  4. https://sauap.org/wp-content/uploads/2016/08/Ыбырай-Алтынсарин.pdf
  5. http://stan.kz/ybyray-altynsarinnin-olenderi-men-an/?

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.