Абай шығармаларындағы философиялық ойлар

Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті

Филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті

Шет тілі: екі шет тілі

1 — курс магистранты

Хасенова Жарқын Жомартқызы

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы

 

Абай шығармаларындағы философиялық ойлар

       Қазақтың ұланғайыр даласы көз талатын қандай шексіз де шетсіз болса,  ұлы даланың ұлы перзенттерінің бірі Абайдың  шығармашылығы, оның  астарлы мағынасы өзінше бір әлем, тұнып тұрған философия. Біз философия немесе пәлсапалық ілім туралы сөз қозғағанда, сонау Аристотель, Платон, Цицерон сияқты ғұламалардың ілімдері мен ойшылдығын тілге тиек етіп бастаймыз, ал туған халқымыздың тереңнен тартып, өмір, дүние, адамзат туралы ой қорытқан тұлғалары Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер мен жазба әдебиетіміздің негізін қалаған Абай шығармашылығы мен ойларында жатқан пәлсәпаны жан-жақты талдау жетіспей жататынын мойындауымыз керек.
       Иә, қазақтың тарихы мен салт-дәстүрін білетін кез келген қазақ баласы өзінше философ. Сонау Асан қайғыдан басталған бұл ілім қазіргі кезге дейін жалғасын тауып келеді. Менің ойымша, «Қазақ ғұламаларының философиясы» деген жеке пән арнауға болатын дүние деп ойлаймын. Мен, әсіресе, Абай шығармашылығына жеке тоқталғым келіп отыр.
       Қырық бес қара сөзін былай қойғанда өлеңдерінің әр тақырыпта мәселелерді қозғауы, ішкі психологиясы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, далалық пәлсапалық ойларымен астасып жатыр. Мысалы, «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» өлеңін алатын болсақ,
       «Қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай
        Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай
        Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп
        Ықтырмамен күзеуде отырар бай», ­­­- деген төрт- ақ жолмен қазақ тұрмыс-тіршілігін, бай мен кедей теңсіздігін, әлеуметтік жіктелісті, байдың сараң психологиясын әшкере етеді.
Ал «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» өлеңінде
       «Жүрегіңнің түбіне терең бойла
         Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла
         Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
         Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма», — деген жолдарда ақынды түсіну үшін тереңге бойлап, заман көрінісіне баға беруді сұрайды. Пәлсапалық ой деген осы.
        Енді бір Абай атамыздың өзінше бір дара, қуатты сөздері – «Қара сөздері». Жасының кемел шағына жетіп, ой тоқтатқан, жастарға насихат айтар кезінде жазған туындылары. Нағыз пәлсапалық ойлары осында жатыр.\
       Ақын ат қойып, түсін түстеп жатпай, кезекпен, санамалап берген сөздеріндегі ойлар қазақтың  ұлттық коды іспеттес. Мысалы «Жетінші» сөзінде «жанның тамағы» деген пәлсапалық ұғым бар. Оны ақын сырт дүниенің, адам санасынан тыс дүниенің санада сәулеленуінен туындайтын ілім-білімнің қоры деп береді. Сондықтан оны   «….құмарланып, жиған қазынамызды көбейтсек керек, бұл жанның тамағы еді» — дейді. Ол рухани қазынамызды молайту адамның өз қолында деген ой айтады. 
       Сондай-ақ, Абай «Он тоғызыншы» сөзінде керемет пәлсапалық ой айтады.
«Адам  ата-анадан туғанда есті болмайды: есітіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады… Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады».  Сонымен қатар жан құмарлығы мен тән құмарлығының  аражігін ажыратып , терең түсінік береді. Бұл жолдарда алдыңғы айтқан ойын дамыта түседі, ой сабақтастығын сақтайды.
 
       Ақын  «Алтыншы» сөзінде  «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды — бірлік, ырыс алды — тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады — білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік — ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік — ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» — деген мағынасы терең сөз айтады. Әсіресе, біздің халық үшін дәл қазіргі заманға арнап айтылғандай. Қазақтың өз мақалын өзіне түсіндіріп, жетесіне жеткізіп айтады.
       Дана ақын «Он төртінші» қара сөзінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені — батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық, әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай оларға да болса игі еді демек, бұлар — жүрек ісі. Асықтық та — жүректің ісі. Тіл жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды» деген қандай керемет ойлар.  Ақын қалай тап басып, өсиетке айналар сөз айтқан.
        Қорыта келгенде, хакім Абайдың қара сөздері мен шығармашылығы, поэзиясы тұнып тұрған философия. Жалпы адамзаттық философия, оның ішінде ұлттық философия дер едім. Оның «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым, Ұстарасыз азыңа түсті-ау мұртың, Жақсы менен жаманды айырмадың, Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың» — деген жолдарынан халық бейнесін айқындап, оған жол сілтегісі келгенін айқын байқаймыз. Қазақтың өз заманындағы дана да дара ақыны Абайдың мұраты, тұжырымы, адамгершілік идеясы оның халқына арнаған барлық туындыларының өн бойында көрініс тапқан. Адамзаттық философияны өзек еткен ақын шығармалары мәңгілік. Ол әр қазақтың тәлім алар құндылығы, алдында жол сілтер шамшырағы іспеттес. Абай пәлсапасы өміршеңдігімен құнды.
Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы.
  2. Жетісу. Энциклопедия. — Алматы: «Арыс» баспасы, 2004.
  3. Мұхтар Әуезов энциклопедиясы — Алматы, «Атамұра» баспасы, 2011 жыл.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.