Ұлтымыздың ұлы ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы

  • Әл – Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,
  • филология факультетінің 4 курс студенті
  • Аружан Әжімхан

 

Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы

 
Ахмет Байтұрсынұлы — ірі қайраткер, үлкен талант иесі, қайталанбас тұлға, қазақ ұлтының әлеуметтік өмірі мен мәдениеті, ғылымы мен білімі жолында аянбай еңбек еткен ұлы тұлға. Студенттік кезіміздің соңғы жылында университет тарапынан біз Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Тіл — құрал» оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу орталығына өндірістік тәжірибеге бардық. Тәжірибе жетекшісі Имаханбет Райхан Сахыбекқызы, Шортанбаев Шоқан Амангелдіұлы сияқты оқытушылар болды. Осы тәжірибенің арқасында біз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері Ахмет Байтұрсыновтың тұлғасын тереңірек біле алдық. Ахмет Байтұрсынов — XX ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалысы көшбасшыларының бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттанудың негізін қалаушы-ғалым, ұлттық жазу реформаторы, ағартушы. Ол халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей,  білім беру ісін жолға қоюға күш салды. Орыс, татар мектептерінен оқып шыққан ұлт мамандарының өз тілін қолданудағы кемшіліктерін көріп: «Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі, жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық» деп жазды.
Ахмет Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны» деген көлемді мақаласы – әдебиеттану ғылымындағы алғашқы зерттеу еңбектердің бірі. Мақалада ұлы ақын Абайдың тарихи миссиясы, рухани болмысы, өлеңдерінің ұлттық сөз өнеріндегі маңызы, көркемдік-эстетикалық сипаты баяндалды. Ол Абай өлеңдерінің даралығын, «сөзі аз, мағынасы көп, тереңдігін», сыншылдығын ұғындырды. Байтұрсынұлының Абайдың ақындық шеберлігі, поэзияға деген көзқарасы туралы ғылыми тұжырымдары қазақ әдебиеттану ғылымында жалғасын тапты. Оның «Әдебиет танытқыш» деген зерттеуі (1926) қазақ тіліндегі тұңғыш іргелі ғылыми-теориялық еңбек. Байтұрсынұлы әдебиет тарихына, теориясы мен сынына, методологиясына тұңғыш рет тиянақты анықтама беріп, қазақ әдебиеттану ғылымының жүйесін жасады. Халық тілінің бай қоры көзінен мағынасы терең, ұғымдық аясы кең сөздерді термин етіп алып, соның негізінде қазақ әдебиетінің барлық жанрлық формаларын топтап, жіктеп берді. Мысалы, сөз өнері,шығарма, ауыз әдебиеті, толғау, т.б. ғылыми-теориялық еңбекке қазақ әдебиетінің ең бейнелі, мазмұны мен мағынасы терең шығармаларын мысал ретінде пайдаланды. Сөз өнері жайында жазылған әлемдік ғылымның ең үздік үлгілерін пайдалана отырып, әдебиеттанудағы ұғым, термин, категориялардың соны ұлттық үлгілерін жасады. Мысалы, меңзеу, теңеу, ауыстыру, кейіптеу, әсірелеу, алмастыру, шендестіру, үдету, түйдектеу, кекесіндеу, т.б. «Әдебиет танытқышта» ақындық дарын табиғаты, шығарм. психологиясы, шабыт стихиясына ғылыми тұжырым берілді. Өлеңге жан-жақты зерттеу жасап, шумақ, тармақ, бунақ, буын, ұйқас, т.б. ұғымдарға анықтама берді.
Байтұрсынұлы қазақ әдебиетінің даму кезеңдерін ғылыми негізде топтап берген. «Әдебиет танытқыш» – сан-салалы әдебиет табиғатын жан-жақты ашып, талдап-түсіндірген ғылыми зерттеді. Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқышымен» қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Сондай-ақ ол – әдебиет тарихының мұрасын, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаған зерттеуші ғалым. Байтұрсынұлы шығармашылық жұмысын өлең жазудан бастаған. Онда ол еңбекші халықтың ауыр халін, арман-тілегін, мұң-мұқтажын көрсетіп, жұртшылықты оқуға, білім-ғылымға, рухани биіктікке, адамгершілікке, мәдениетті көтеруге, еңбек етуге шақырады. Патшалық Ресейдің қанаушылық-отаршылдық саясатын, шенді-шекпендінің алдында құлдық ұрған шенеуніктердің опасыздығын сынады. Байтұрсынұлы – әлеуметтік мәселелерге, қоғамдық ой-пікірге ықпал жасаған публицист. Оның мақалалары ғылыми байыптауымен, өткір ойларымен сол кезеңнің шындығынан хабар береді. Абайдың қоғам өмірінің демокр. құрылысы туралы ойларын дамытып, саяси-әлеум. жағдай, оқу-ағарту, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы мәселелерді қозғады. Қазақ зиялыларының жан-жақты білімдар әрі саяси күресте шыңдалған легін қалыптастыруда Байтұрсынұлының публицист, баспасөз ұйымдастырушы ретіндегі еңбегі ұшантеңіз. Ол – қазақ ғылымы тарихында ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.