РЕКТОР ҚАЗҰУ-ДЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ ЖОСПАРЫМЕН ТАНЫСТЫРДЫ

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев оқытушы-профессорлар құрамы және қызметкерлермен кездесіп, ҚазҰУ қалашығын қайта жаңғырту жоспарымен таныстырды. Сонымен қатар ұжымның ұсыныс-пікірін тыңдап, көкейдегі сұрақтарына жауап берді.
«Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауынан кейін өздеріңізбен кездесіп, Президент жүктеген тапсырмалар мен алға қойған міндеттерді арнайы жеткізуді жөн санап отырмын», – деді университет басшысы.
Ректор 2024 жылы ҚазҰУ-дың құрылғанына 90 жыл толатынын атап өтіп, алдымен атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өткен жылдың басты оқиғасы – ҚазҰУ қызметкерлерінің жалақысы екі мәрте көтерілді. Университетте Түркияның 11-ші президенті Абдулла Гүл, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің қатысуымен көшбасшылық дәрістер ұйымдастырылды. ҚазҰУ оқытушыларының делегациясы Түркияның ең ірі университеттерінің бірі – Білім университетінде біліктілік арттырып әрі демалып қайтты. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына түлектердің тартуы ретінде «Мәңгілік ел» сағаты салтанатты түрде ашылды
ҚазҰУ базасында қыркүйек айында Мәскеу инженерлік-физика институтының филиалын ашу  жөнінде келісім жасалды. Қазіргі сәтте Түркия мен Қырғызстанда ҚазҰУ филиалын ашу жұмыстары аяқталып келеді. Оқу корпустары мен аудиторияларға және жатақханаларға жөндеу жұмыстары жүргізілді.«Қазіргі таңда жатақханалардың пайдалануға берілгеніне 30 жылдан астам уақыт өткен. Студенттік жатақханалардағы жайлылық деңгейі төмен, үй-жайлар тозған және жөндеуді қажет етеді. Мұқтаж студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін университетке қосымша 12 мың орын қажет», – деді ректор.
Ал заманауи үлгідегі жатақханалардың құрылысы студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек .Сөз соңында  ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев қалашықты қайта жаңғырту жоспарын жүзеге асыруға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдау білдіргенін жеткізді. Президент бүгінгі қоғамда адами құндылықтардың негізгі қағидалары салтанат құру үшін университеттегі ұжымдық иммунитет пен гуманистік тәрбие қалыптастыруға бағытталған бірқатар тапсырма бергенін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, 2024 жылға қарай университет еліміздің ғылыми-техникалық дамуының перспективті деген бағыттары бойынша 650-ден астам ғылыми жобаны қолға алады.Ғылыми жобалардың нәтижелерін экономиканың нақты секторына айналдыру 20-ға жуық спин-офф компанияларын құру арқылы іске аспақ. Сондықтан білім ордасының басшысы алда ауқымды жұмыстар, жарқын мақсаттар күтіп тұрғанын баса айтып, ұжымды жұдырықтай жұмыла жұмыс істеуге шақырды.
Жиын соңында университеттің оқытушы-профессор құрамының өкілдері ҚазҰУ-дың қайта жаңғыру жоспарын қуана қабылдағанын жеткізіп, ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісті.
     Қожа Тоқтияр  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлыттық  университеті, «Дінтану және мәдениеттану» кафедрасы Исламтану мамандығының 1-курс магисранты.
https://www.kaznu.kz/kz
 
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.