АЗИЯНЫ ЗЕРТТЕУШІ Г.Н.ПОТАНИН МЕН ШОҚАННЫҢ ДОСТЫҒЫ

АЗИЯНЫ ЗЕРТТЕУШІ Г.Н.ПОТАНИН МЕН ШОҚАННЫҢ ДОСТЫҒЫ
Қазақстан тарихының, ерекше назар аудартатын іргелі тақырыптарының бірі орыс ғылыми интеллигенциясының отарлық кезеңдегі Қазақстандағы қызметі болып табылады. Орыс пен қазақ халқының өзара байланысының, соның ішіндегі оқиғалардың шиеленісуімен бізді ең бір қызықтыратын кезең ХХ ғасырдың басы болып табылады. Оның себебі: Қазақстандағы қоғамдықсаяси және мәдени дамуға аянбай ат салысқан, оған жетекшілік еткен белгілі қоғам қайраткерлерінің қызметі мен өмірінің сан-қырын ашатын деректердің молдығы
Патша өкіметі қазаққа қарсы қоныстандыру, күштеп шоқындыру, орыстандыру саясатын жүргізіп жатқанда, орыстың шовинистік ережесіне бағынбай жұмбақ ұлттың тереңде жатқан тарихына шындап, ғылыми тұрғыда, орыс ұлтымен қазақ халқының байланысын анықтауға ұмтылған орыс ғалымдары аз болған жоқ. Солардың бірі, бірегейі, қазақ үшін жақын дос болған Григорий Николаевич Потанин
Мен өз баяндамамда қазақ зиялылары мен Азияны зерттеуші, этнограф ғалым Григорий Николаевич Потаниннің байланысына, қазақ жерінен шыққан орыс ғалымының Шоқан Уәлихановпен саяси және рухани көзқарастарына, сондай – ақ ғалымның түркі әлемі туралы шығармаларына тоқталмақпын.
Қазақ халқының қоғам қайраткері, белгілі лингвистика саласының реформаторы, ұлт ұстазы атанған әдебиетші Ахмет Байтұрсынов Г.Н.Потанинге арнау өлең жазады:
Атақты Сібір ұлы қарт Потанин!
Ер сүйсе сендей сүйсін ел – Отанын.
Қазақсың, қалмақсың деп алалау жоқ,
Отанның тең көресің барша жанын.
Қазаққа Потаниннің аты ардақты,
Ямыштың біліп отыр қанша шалын?!.
Шоқан мен Г.Н. Потаниннің алғашқы таныстығы Омбы шекара басқармасының тілмашы Дабминскийдің үйінде болған. Екеуінің әкесі де кезінде Омбы кадет корпусында оқып жүргенде бір-бірімен таныс болған. 1847 жылы Құсмұрын дуанының аға сұлтаны, майор Шыңғыс Уәлиханов пен хорунжий Николай Ильич Потанин Омбыда балалары арқылы қайта табысады. Г.Н. Потанин үшін Шоқан «Европаға ашылған терезе» еді.
Осы достықтың Потаниннің шығармашылығына тигізген үлесі орасан зор болды. Ол туралы тіпті ғалымның өзі де жазған болатын.
Бұл оқу орнында қазақтың біртуар ұлы Шоқан Уәлихановтың оқығанын мақтан етпейтін қазақ жоқ. Бұл оқу орнының Г.Н. Потаниннің дүниетанымын қалыптастыруда орны ерекше болды. Өйткені, дәл осы жерде ол Шоқанмен бірге оқып, одан көп нәрсені үйренді, оның дарындылығына, біліміне тәнті болды.
«Корпуста ой-өрісі, білімі жағынан Шоқан тез өсті, орыс жолдастарын басып озьш отырды. Екі-үш жылдан кейін-ақ Шоқан өз класындағылардан ғана емес, өзінен екі жас үлкендердің класындағыларды да идея жағынан басып озды» деп жазды Г.Н.Потанин
Ә. Марғұлан Шоқан өмірі туралы очерк жазса, Шоқан мен Г.Н. Потанин арасындағы достықты С. Өтениязов өз зерттеуінде жүйелі баяндалған. Ал, М. Малышева мен Познанскийдің мақаласында Г. Потанин Шоқаннан үлкен тағылым алғандығы айтылған. Бұл еңбектер Омбы облысының мемлекеттік мұрағат құжаттарын молынан пайдаланғандықтан құнды деп есептейміз.
Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне орасан зор үлес қосқан әйгілі ғалым, этнограф, фальклорист Григорий Николаевич Потанинің еңбек жолы тек география саласымен ғана шектеліп қалмай, этнография, әдебиет саласын зерттеуде де мол табысқа жетті десек болады. Потаниннің кейбір еңбектері әлі күнге толық зерттеле қойған жоқ. Бірақ қазақтың көрнекті әдебиетшілері Потаниннің фольклористика саласында жазған еңбектерін жоғары бағалап, олардың қазақ ауыз әдебиетін зерттеу тарихында алар орны зор деген болатын. Ғалым қазақ фольклоры үлгілерін, жалпы түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиетін жинап, «Қазақтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз-әңгімелері және ертегілері» (1916) атты еңбегін жазды.
Орыстың көрнекті саяхатшы-ғалымы Григорий Николаевич Потанин мен қазақтан шыққан тұңғыш ғалым Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановтың достығы тек екі ғалымның арасындағы байланысты ғана емес, бұл достық екі ұлттың да бір біріне жақындай түсуіне әсер етті.Н.Г.Потанин тек саяхат жасап, тау, тасты, жер мен суды ғана зерттеп қоймай, досы, әрі әріптесі Шоқанның ауызынан естіген әігімелерге қызығушылық танытып, оны зеттеуге кіріседі. Қазақ үшін орны бөлек тұлғаның артына қалдырған мұралары оған дәлел.
Г.Н. Потаниннің өз еңбектері деректердің негізгі тобын құрайды. Г.Н. Потанин мен К.В. Струвенің Зайсанға жасаған саяхаты туралы Шығыс Қазақстанның тарихы, этнографиясы, географиясы туралы біраз мәлімет береді. Зайсан мен Қара Ертістегі балық шаруашылығы қазақтардың негізгі шаруашылығының бірі болғанын дәлелдейді. 1864 ж. Г.Н. Потаниннің Шығыс Тарбағатайға саяхаты туралы жазғаны бұл жерде ауылдардың қалай құрылғаны туралы мәлімет береді. Қазақстанның шығысындағы қалалары ішінен Григорий Потанин Семей туралы әсерлі жазған.
Халықтың эпосы жөнінде жиналған көптеген материалдар және азиаттық тайпалардан жинақталған материалдар 2 томды құрайды: “Солтүстік-батыс Монғолия”, ал екінші том Тибет саяхатына арналған. Өмірінің соңғы жылдары Г.Н. Потанин жаңа дерек жинауға шамасы келмеген кезде өзі жинаған еңбектерді қайта өңдеген. Г.Н. Потанин аспан ұлы Исус Христос культын батыста емес, шығыста, орталық Азияда ертеректе қалыптасты дейді.
Азиаттық халық эпосын өңдеуде Григорий Потанин біртіндеп шығармалар жаза бастады. «Ортағасырлық эпостағы шығыс әуендері» 1899 жылы жарық көрді. “Орыс қызы Дариға” еңбегін  Г.Н. Потанин тибет, монғол атауларымен салыстырып жазған [30]. “Гректік эпос пен орыс фольклоры”, “Саламан патшасы Сала” 1912 ж. басылып шықты. “Солтүстік Азияның ерке аспан ұлы” Томскіде 1916 ж. жарық көрген. Сібірдегі төңкеріс туралы А.В. Адриановтың мақаласына қатысты өз пікірін берген.
Жоғарыда айтылғандардан шығатын қорытынды мынадай: Г.Н. Потанин  бір сөзбен айтқанда сегіз қырлы бір сырлы тұлға. Ол бірде қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым, өлкетанушы, мәдениеттанушы, жиһангез географ, этнограф, фольклоршы болса,  бірде отаншыл патриот, ұлтжанды және халықтар мен ұлттар теңдігін насихаттаушы, отарлық езгіге қарсы шыққан адам ретінде көрінді. Қазақ зиялыларымен де, әсіресе Шоқанмен арақатынасы өте нәзік, адамгершілік пен шынайы достық сезімге толы болды.
Г.Н. Потаниннің ғылыми мұрасы Шығыстануға, өлкетануға, ботаника мен зоологияға, қазақ этнографиясы мен ауыз әдебиетіне және тарихына қосылған асыл қазына деуге болады. Сондықтанда, Г.Н. Потанинді өз заманының ірі тұлғасы деп бағалаған дұрыс.
 
 
 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.