Ж.Жабаев шығармашылығының әлем әдебиеті үрдісіндегі алатын орны

Ж.Жабаев шығармашылығының әлем әдебиеті үрдісіндегі алатын орны
Сыздықова Жанар Рысқалиқызы
Қарағанды қаласы №27 ЖББМ , қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
тел. 87001171261; Zhanar.syzdykova.92@mail.ru
Жамбыл атамыз шын мәнінде халық ішінен қайнап шыққан нағыз халық ақыны еді. Өзі де айтады ғой: «Жамбыл –деген жай атым,халық- менің шын атым»,-деп. Осы-дәл айтылған сөз. Бір сәт ақыл-санаға ой салып жіберіп,қарасақ, ол кісінің бойынан, өлеңдерінен халқына деген дархандық,адалдық пен адамгершілік, қарапайымдылық, ақкөңілділік, бауырмалдық, шешендік, ақындық, тапқырлық сияқты небір сиқыр құдіретті табамыз.
Жамбыл ата балалық шағынан бастап-ақ өлең-жырға,ән-күйге құмартып өседі. Әсіресе, шыншыл яғни әділ сөйлеуге, тапқыр сөздерді қиыстырып айтуға әуес болады. Нағашысынан (Қанадан) қобыз тартуды үйренген. Сол қобызымен Сүйінбай атамыздың термесін төгіп, ол кісінің құлағын елең еткізген.Ұстаз бен шәкірт ең алғаш рет осылай кездесіп,танысқан. Сөйтіп, өлең жолдары жатталып,елден –елге тарала береді. Содан бастап ол ірі ақындар санатына қосыла бастаған,даңқы арта берген. Сарыбас, Доспанбет, Бөлтірік, Шашубай сияқты атақты ақындармен айтысып,оларды жеңіп шыққан.
Жамбыл тек айтыс ақыны емес,сонымен бірге эпикалық дастандарды көп айтқан жырау.Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбыл өлеңдері қазақ даласынан бастау алып, күллі майданды шарлап, қаншама жас өрендерге рух, жалын, жігер бергені сөзсіз. Жамбыл Жабаев шығармашылығы сөз болғанда әдебиет әлемінің жаңашылдығына зер саламыз. Сарай ақындарынан бастау алып, жыраулар поэзиясында көрініс тапқан, кейін иірімі өзгеше жаңа поэзияның қарқынына ілесе білген ақындар қауымы көп емес. Жамбыл сол үрдісте жаңашылдық танытқан жасампаз ақын.
Кеңестік саяси жүйені өлеңге қосып, социалистік даму жолының артықшылықтарын,жаңа құрылып жатқан қоғамның табыстарын өз жырына арқау ете білді. Бізге танысы жатталған жырдың бірі – «Ленинградтық өренім» жыры. Өлең тарихы белгілі, Ленинградты қорғаушы бар майдангерлердің құлағында радиодан жатталып, сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыр күндерде әр жауынгерге дем берді.
Жамбылдың қанатты шабытпен дүниеге келген шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде ақ КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағын алып, өзінің де, халқының да даңқын дүйім дүниеге паш етті. Жамбыл бейнесі қазақ өнерінің барлық түрінде, барша жанрында шабытпен бедерленіп, ұлттың рухы биік ұлы тұлғасы екенін әйгіледі.
1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына Жамбыл ақын белсене қатынасты.Патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді. Өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды.
Кеңес дәуірі жылдарында Жамбыл қоғам өмірі мен ел мүддесін жырлады. Ол байырғы ұлы жыраулардың дәстүрін қайта түлетіп,біздің дәуірімізге жаңа сапада,соны мазмұнмен байытып жеткізді.Мемлекет басшылары мен партия көсемдеріне қарата айтқан жырларында жалпы мемлекеттік мәселелерді көтерді. 2-дүниежүзілік соғыс тұсында бүкіл Кеңес Одағында Жамбылдан дәрежесі,мәртебесі биік ақын болған жоқ. Жамбыл есімінің әлемнің шартарабына танылған тұсы да осы кезең еді.
Ақын жырлары майдандағы әр ұлттан құралған жауынгерлердің бәрінің де жүрегіне жетіп,жігерін қайрады.Жамбыл-жыршылық өнердің де асқан шебері. Оның үздік шығармалары қырықтан астам шет елдер тілдеріне аударылды.Ромен Роллан,Матин Андерсен Нексе,Катарина Сусанна Причард сияқты атақты суреткерлер Жамбыл поэзиясына өте жоғары баға берді. Жамбыл туралы жүздеген өлең жырлар жазылды.20-ғасырдағы халық ақындарына Жамбылдың әсері өте зор болды.Бұл қатарда Кенен Әзірбаев, Үмбетәлі Кәрібаев, Нартай Бекежанов, Доскей Әлімбаев сияқты белгілі ақындар бар.
Қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Жамбыл Ленин Еңбек Қызыл Ту, “Құрмет белгісі” ордендерімен марапатталды. 1941 ж.Сталиндік сыйлықтың лауреаты атанды. Жамбылдың есімі Қазақстанның бір облысына, бірнеше ауданға, бірқатар елді мекендерге, мекемелер мен оқу орындарына, өнер ордаларына берілді. Қазақ халқы Жамбылдың 100 жылдық, 125 жылдық, 150 жылдық тойларын халықаралық деңгейде салтанатты түрде атап өтті.
1945-жылдың 15 –маусымында Жамбыл ауырып,министрлер кеңесінің ауруханасына түседі.Оның алдында Жеңіс мерекесін жұртпен бірге тойлап, арқа-жарқа жүрген. «Жеңіс мерекелерің құтты болсын! Тойлаңдар,шаттаныңдар! Енді менде арман жоқ» деп,ол шексіз қуанышта болды. «Жәкең ең соңғы өлеңін майдың тоғызы күні жеңіске арнап айтты.Жүз жасаған Жәкең жырларының ең соңғы бетінде тап осы жеңіс жыры тұрмақ.Бұдан артық орынды ақындық өмір бола бермейді»,- деп жазды саңлақ суреткер Ғабит Мүсірепов. Міне жүз жасап,сексен бес жылын ақындық өнермен өткізген Жамбыл ақын осындай өнегелі ғұмыр кешкен. Қазақтың қазақ екенін,қандай халық болғанын,мәдени,рухани мұрасын түсініп,өзіңді байыту үшін алдымен Абай мен Жамбылды, содан кейін қалған әдебиет үлгілерін оқып үйрену керек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Әлем әдебиеті «Жамбыл» Алматы «Жалын» 2000 ж
2. https://kk.wikipedia.org/wiki/Жамбыл_Жабайұлы

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.