Жамбыл Жабаев- 175 жыл!

Биыл – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл (1846 – 2021)

Жамбыл Жабаев 1846 жылғы ақпан айының 28-і күні Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген. Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен-ақ таныла бастаған. Бозбала шағынан ортасын ән мен жырға кенелтіп, көршілес қырғыз еліне де даңқы жайылған. Сол кезде Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайға жолығып, оның батасын алады.

Жамбыл “Шағым”, “Жылқышы”, “Шәбденге”, “Сәт сайланарда”, “Өстепкеде”, “Патша әмірі тарылды”, “Зілді бұйрық” сияқты өлеңінде елдің әлеуметтік саяси өмірін көрсеткен. Жамбылдың шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып дүние жүзіне тарады. Жамбыл көзінің тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанған. Жамбыл 1945 жылғы мауысым айының 22-інде Алматы облысының Ұзынағаш елді мекенінде 99 жасында дүниеден өтті.

“Абай.кз” ақпараттық порталы арқылы жуырда филолгия ғылымдарының докторы, Үлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, журналист-жазушы Уәлихан Қалижанұлының Мемлекет басшысының атына жазған хаты жарияланды. Назарларыңызға автордың мақаласын толық мәтінде ұсынамыз. Ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына – 175  жыл! Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.ТОҚАЕВ мырзаға ҰСЫНЫС  ХАТ. Аса қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ұлы ойшыл, ақын бабамыз Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай, Сіз өте ойлы әрі көкейкесті мақала жаздыңыз. Осылай Абайтанудың жаңа кезеңі басталды. Ұлы Абайға дейін қазақ халқы өзінің фольклорлық мұрасымен, ауыз әдебиетімен танылды. Кеңестік жүйе оны да халқымыздың жадынан алып тастауға тырысты. Ұлттық эпостарымызды, Хандық дәуірдің әдебиеті ретінде репрессияға ұшыратты.

Ұлы қазақ даласында сан ғасырлық жолдан өткен жыраулық мектеп бар еді. Асанқайғы, Қазтұған, Шалкиіз, Доспанбет, Жиенбет, Бұқар, Ақтамберді, Үмбетей, Қаблиса, Сүйінбай сынды жыраулар өмір сүрді. Ауыз әдебиетінің алыбы Жамбыл Жабаев та осы жыраулық мектептің соңғы өкілі десе де болғандай еді. Ол «Менің – пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп  өмірін өлеңге арнады. Атақты Майкөт пен Құлмамбетті жеңіп, Жетісудың бірінші ақыны атанды. Елімнің жақсыларын таныстырған, Ой жырым, қызыл тілім сенің арқаң, – деген Жамбыл баба қандай құрметке де лайық.

Заманымыздың классик жазушысы, атақты Мұхтар Әуезов «Жамбыл – ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі, әрі эпик-ақын, әрі айтыс-ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп бағалаған еді. Жамбыл Жабаевтың туғанына 2021 жылдың 28 ақпанында 175 жыл толады. Ұлы Жамбылды Мұхтар Әуезов мойындаған, Сейфуллин бас иген, Сәбит Мұқанов ардақтаған, Ғабит Мүсірепов еркелеген, Бауыржан Момышұлы бас иген, Мәлік Ғабдуллин құшағына алған. Ромен Роллан, Михаил Шолохов, Павло Тычина, Николай Тихонов, Константин Симонов сияқты әлемдік әдебиеттің өкілдері де ерекше құрметтеген.


Жамбыл өлеңдері әлемнің барлық тілдеріне аударылған және жарияланған. Жақында ғана Сіз Мәскеуге барып, Жеңіс парадына қатыстыңыз. Сол Жеңіске Жамбыл Жабаевтың да қосқан үлесін қазақ халқы да, ресейліктер де жадынан шығармайды. Сіз оны жақсы білесіз. Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты атақты өлеңі ешқашан ұмытылмайды. Рас, Жамбыл Жабаевтың 100 жылдық ғұмырының соңғы 28 жылы Кеңестер одағы тұсында өтті. Бұл ақынның қасиетіне де, қасіретіне де айналды. Коммунистік жүйе, оның идеологтары Жамбылды партияның ұранына айналдырып жіберді. Тек партиялық тұрғыдан бағалады.

Ал Жамбыл қандай ақын!? Алтын қылыш қынабында жатпайды. Жамбылды тану үшін жаңа көзқарас, жаңа таным керек. Мәселен, Жамбылдың революцияға дейінгі өмірі әлі толық зерттелмей келеді. Жамбыл жәй ғана ақын емес, ол күрескер ақын. 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде 61 жасына қарамай, көтерілісшілерді қолдап, жыр арнады. Романовтардың таққа отыруының 300 жылдығына арналған Верныйдағы ақындар айтысындағы ақындық болмысы көзден тыс қалды. Сонымен қатар, Жамбылдың Балуан Шолақ, Әсет ақын, Шашубай сынды ақындармен арасындағы әңгімелер қалың оқырманға жеткен жоқ.


Жамбылтанушы ретінде ақынның өмірін біраздан бері зерттеп келемін. «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен «Жамбыл» атты монография жаздым. Осы аттас энциклопедияның жауапты шығарушысы болдым. Өткен жылы «Жамбыл» атты роман-этюд жазып, кітап етіп шығардым. Әрине, бұл Жамбылды толық ашу және тану үшін аздық  етеді.

Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз қоғамға жаңа форматты түсінік алып келдіңіз. Абай мен Жамбыл бір заманның адамдары. Екеуі де ұлт ұранына айналған тұлғалар. Көзден таса болып келе жатқан кейбір деректерді айта кеткенімді артық көрмеңіз. Бірде Мұхтар Әуезов Жамбылдан: «Абай қандай ақын?»,- деп сұрайды. Сонда Жамбыл: «Абай ақын емес» деп бір қайырыпты. Әуезов қатты сасады. Жамбыл, мырс етіп күліп. «Әй, шоң бала, Абай ақын ғана емес, ол пайғамбар», дейді. Қырғыздың ұлы ақыны Тоқтағұл Сатылғанов Сібір тұтқынынан қашып, жолай Жамбыл Жабаевты іздеп келеді. Жамбыл Тоқтағұлды екі-үш ай қасында ұстап, ел қыдыртып, ән айтқызып, халықпен таныстырады. Той-томалақтарға қатысады. Тоқтағұлдың алдына ірілі-ұсақты біраз мал жинап беріп, ат мінгізіп шығарып салады.


Жамбылдың мұндай азаматтық қыры тіпті айтылмайды десе де болады. …Бірде Жетісуға Садық сұлтан Кенесарин келеді. Алдынан Жамбыл шығады. Атақты Абылайханның ұрпағы, Хан Кененің ұлы Садық сұлтанды қалың қазақ қонақ етіп, қырғызға апармақшы болады. Бұл хабар қырғыздарға шанышқыдай қадалады. Бірақ, Садық сұлтанды Жамбыл ақын ертіп келе жатыр дегенді естігенде, сабырларына түседі. Қырғыздар Садық сұлтанды ерекше құрметтеп қарсы алады. Жамбыл сөздің мәнісін айтады. Садық сұлтан әкесі хан Кененің қылышы мен ертоқымын алып кері қайтады. Ақын тағдырындағы осындай деректер санатқа алынбай, еленбей келеді.

Бүгін Жамбылтанудың жаңа кезеңі келді. Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай арнайы Жарлық шығарып, мемлекеттік комиссия құруыңызды сұраймын. Әлемдік деңгейдегі ірі саясаткер ретінде ұсыныс-хатыма түсіністікпен қарар деген үміттемін. Бұл ұсыныс-хатты М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА мүше-корреспонденті Кенжехан Матыжанов бастаған Институт ғалымдары қолдағанын да жеткізгім келеді.

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.