Магистрлік оқу ордам – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Шығыстану факультетінің
1-курс магистранты
Меделова Әсем Асхатқызы
 
Адамның ой-қиялын билейтін асқақ армандарымыз ес біле бастаған сәттен жадымызда тыным таппайды. Оларға жетемін деген амал-әрекетің бәсеңдесе де, жүректің түбін мекендеген сол арман өзіне қарай ақырын болса да, бір табан жақын етеді. Сондай бір бала арман, Алматының төрінде мекен еткен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу еді.  Осы мүмкіндік 2021 жылы Шығыстану факультетіне магистратура білім бағдарламасы бойынша оқуға түсу арқылы бұйырды. Қазіргі таңда оқу ордамның білім алушыларға берер мүмкіншіліктері өте көп. Менің тәжірибем жүзінде  осы аталған мүмкіндіктерге  жекелеп тоқталып көрейік.
Біз, жас ғалым-зерттеушілерміз және осы орайда университетіміздің ғылыми-зерттеу бағыттағы жұмыстары өте ауқымды. Республикалық, халықаралық ғылыми-конференциялар, іс-шаралар, кездесулер, тәжірибе алмасу және тағы басқа белсенді студенттік шаралар жиі ұйымдастырылады. Жас ғалымдарға зерттеу барысында  бағыт-бағдар беру, кері байланыс жоғары деңгейде.  Теориялық білім алу барысы өте сапалы өтеді және осы арқылы зерттеушілерге қажетті дағдыларды үйрену мүмкіндігі мол.
Білім беру туралы сөз қозғалса, оқытушы-профессор ұжымы өте маңызды рөл атқаратынын бәрімізге белгілі. Шығыстану факультетінің педагог мамандар ұжымы ғылыми-академиялық дәрежелі, тәжірибелі, білікті мамандар. Ғылым-білім саласында алдыңғы қатарлы тұлғалардан білім алу, жаңа қабілет пен дағды үйрену біз үшін таптырмас мүмкіндік. Өйткені, оқытушыларымыз кәсіби, дара жолындағы өмірлік тәжірибелермен бөлісіп, біздің уақыт пен күш үнемдеуімі, әрі өз саламыздың білікті мамандары атануымыз үшін күш салып жатыр. Тағы бір ерекшелік біздің факультетіміз әлем тілдері түйіскен мекені. Шығыстану факультетінде қытай, кәріс, жапон, түрік, парсы, араб, хинди  және тағы басқа тілдер оқытылады. Осыған сәйкес шетелдік оқытушы мамандарда факультетімізде қызмет етуде. Отандық және шетелдік ғалымдардан білім алатын мына біз, жан-жақты, дүниеге деген көзқарасымыз кең, әрі кәсіби, шебер маман атану мүмкіндігіміз жоғары.
Университет тарапынан білім алушыларға жасалатын жағдайдың бірі қолайлы орта – кампус ұсыну. Факультетімізде студенттерге арналған оқу аудиториялары, дәрісханалар, заманауи құрылғылармен жабдықталған аудиториялар, кітапхана, Book store, асхана және Конфуций институты орналасқан. Бес қабатты кампуста жүріп-тұру қозғалысы үшін лифттер де ұсынылған. Студенттердің білім алуына кедергі ештеңе жоқ. Ерекше айта кететіні, біздің факультетте Book store жұмыс істеуі. Ол жерде студенттер теориялық сабақтарға қажетті сан-түрлі оқулықтар, кітаптар және тағы басқа басылымдарды таба алады.
Университетке алғаш аяқ басқан күннен-ақ оқу ордамыздың өте көңілді, ілтипатты, достық атмосферасына біздің де жылдам сіңіп кетуіміз болды. Көмек беріп, қол ұшын созуға дайын, өте білімді, дүниетанымдары кең жастар және университет ұжымы өздеріне сөзсіз баурап, тұлға болып өсудің тағы бір шыңына жетелейді. Қазақ ұлттық университеті арқылы мақсатымыз бір, ойымыз бен сөзіміз бір мәңгілік дос пен жора-жолдас кезіктіріп, өмір өзенімізде сый-құрметке лайық ұлы ұстаздарымыздың шәкірті болу бақыты бұйырады.
Қорытындылай келе, магистр дәрежесіне абыроймен жету жолында оқу ордамыздың атқарар рөлі ерекше. Әрбір студенті перзентіндей болса, әрқайсысының дара жол салуына леп беретін, үлкен өмірге дайындайтын тәрбие мен білім ордасы. Кішкене жүрекке еніп, сол жүрекпен мақсат болып еселенген бала арман, діттегеніне жетті. Ойымызбен өзіміз тұмшалайтын армандарға ерік берсеңіз, сізді де биік-биік шыңдарға жетелейді. ҚазҰУ сіздің де жүрекке арман болып енген болса, бірден мақсатқа айналдырыңыз. Өйткені, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті сізді, білім мен ғылым әлемінде үлкен ілтипатпен құшағын айқара ашып қарсы алады!

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.