ХІХ ғ. екінші жартысы — ХХ ғ. басындағы Жетісу тарихының кейбір мәселелері туралы

Жер асты мен жер үстінің табиғи байлығына толы кең байтақ киелі туған жерімізде, өткен ғасырлар еншісінде көшпелілікпен қоса отырықшы, дәлірек айтсақ, қалалық мәдениет те қарқынды дамыған болатын. Бүгінгі таңда әлемде де отанымыз Қазақстанда да жаңа серпінмен заман талаптарына сай «ақылды» технологиялар арқылы түрліше ғылым салалары жаңаша зерттелуде.
ХІХ ғасырдың екінші жартысы — ХХ ғасырдың басындағы Жетісудың қоғамдық-саяси және әлеуметік жағдайы жарты ғасырға созылған патшалық отарлау кезеңін қамтиды. Осы тарихи кезеңде ел өмірінде орын алған өзгерістер Жетісуға қоныс аударған орыс, украин, ұйғыр және дүнген халықтарының жергілікті қазақ халқының шаруашылығына тигізген кері әсері сараланды. Бұл үрдісті зерттеп тануда қазақ қоғамында орын алған өзгерістер анағұрлым күрделі екендігін байқатты.
Ресейдің ішкі губернияларынан Жетісуға жер іздеп келген орыс, украин шаруалары мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер алып, олардың кейбіреулері ауқатты отбасыларына айналып кедейленген қазақтарды жалдайтын жағдайға жеткендігі сипатталды. Жетісу облысының ХІХ ғасырдың екінші жартысы — ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік жағдайы тарихшылар тарапынан бүгінгі күнге дейін зерттелуде. Әйтсе де, қазіргі кезкеңдегі қалыптасқан геосаяси жағдай Ресейдің Қазақстанда жүргізген отарлау саясатының мақсаты мен барысын толық қамтып, осы аталған кезеңде Жетісу өлкесінің отарлануын жан-жақты, әлі де болса зерттей түсуді қажет етіп отыр.
Романовтар әулеті қазақ жеріндегі отарлық саясат салдарының ауырлығына байланысты жергілікті халықтың көңіл-күйін жіті бақылауда ұстады. Әсіресе бірінші дүниежүзілік соғыстан бері әскери губернаторлар тұрғындардың көңіл-күйлері туралы үнемі есеп беріп отырды. Жетісу облысы бойынша осындай есептердің бірінде (1915ж.) былай делінген: «облыстағы орыс және мұсылман халқының көңіл-күйі қалыпты, соғыс мұқтаждықтары үшін және әскерге кеткен отбасыларға заттай, ақшалай көмек көрсету үшін Мемлекеттік Думаның таратылуы туралы хабарды орыс, сондай-ақ байырғы халықтар да қабылдайды, таң қалдырмайды; түтін салығы мен жергілікті тұрғындарға әскери салықтың артуы олардың орыстарға деген жеккөрушілік сезімін тудырғанын атап өткен жөн, бірақ биыл алдағы үш жылға (1916-1918 жж.). болыстық сайлау өтеді, партиялар арасындағы күрес жылдан жылға айқын болып келе жатқан бізге (Ресей билігіне) қарсы үгіт үшін негіз бола алады».
Жергілікті басшылар саяси жағдайды қадағаласа да, экономика саласын баса алмады. Көк бөрісі көкке қарап ұлыған көк түріктер мекен еткен кенге толы кең жазира даламыз тұтасымен сайрап жатқан тарих десек те болады. Әрісі тайпалар тұрақ етіп, қаншама заманаларды бастан өткерген киелі қара топырақтан нәр алған ұлы халқымыз өткен ғасырларда ешбір технологиясыз-ақ қаншама өркениеттерді жасап бақты. Күллі ғалам халықтары өткен тарихтарын қағазға басып жазып жатқан кезеңдерде баһадүр бабаларымыз өз өткенін бұлжытпай тасқа басты. Оған дәлел көне ғасырлардың тілсіз куәгерлері шошайған төбелер, кәрі таулар, мөлдір бұлақтар, мүжілген балбалдар.
Иә, расында да, сол кең байтақ даламызда 1916 жылғы болған ұлт-азаттық көтеріліс ересектердің ғана емес, жас балалардың да өмір жолында өшпес із қалдырды. Балалық шақ үшін төтенше жағдайда қуаныш пен қуаныштан гөрі атыс-шабыс, өртенген үй, атылған оқ, жылау, қарғыс, жеккөрушілік, мазасыздық, күдік, дүрбелең және т.б. ойын балаларын қорқыныштың құшағында ұстады.
Алайда, патша үкіметінің Қазақстанда, әсіресе, Жетісу жерінде жүргізген қанқұйлы отаршылдық саясатына қарсы бүкіл халық болып көтеріліске шықты. Бақайшығына дейін қаруланған патша жендеттеріне аздаған ғана қылыш, найза, айбалтамен қарсы шыққан, былайша айтқанда жалаңаш қолмен көмейінен от шашқан зеңбіректерге қарсы тұруы біздің халықтың рухы биік, намысы зор екенін дәлелдеді.
Т.Ә. Нұрпейіс,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і
Қазақстан тарихы кафедрасының т.ғ.к., доцент
Биахмет Елнұр Қайратұлы,
Тарих факультетінің 4 курс студенті

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.