Мінез – жанның айнасы

Алметова Зарина Оринбасаровна

Мінез – жанның айнасы

Әрбір адам болмысынан бірегей, қайталанбас қасиеттерімен, мінезімен ерекшеленеді. Тұлғаның мінез – құлық  ерекшелігіне әсер ететін көптеген факторлар бар. Адам физикалық өсіп, дамыған сайын мінез өзгереді. Оған отбасы, достар, қоршаған орта және қоғам әсер етеді. Ал адам мінезінің маңызды бөлігі оның генетикасына да байланысты.

Мінез – адам баласының ішкі жан дүниесінің сыртқы көрінісі деуге болады. Сондықтан, әл-Фараби бабамыз «Мінез – жанның айнасы» деген екен. Әдетте, біз адамдарға қарап мінезі жақсы екен немесе жаман екен деп баға беріп жатамыз.

Жақсы мінезді адамдарды сырттан қарап  ақкөңіл, үнемі көңілді жүретін, жайдары жүзді етіп көреміз. Көбінесе оларды ашуланбайтын, мейірімді және сабырлы деп сипаттаймыз. Мәселен, мінезі жақсы ұстаз оқушыға мүлдем дауыс көтеріп ұрыспай-ақ өзін сыйоата біледі. Ондай адамдардың ашуға беріліп айқайлағанын немесе қатты сөздер айтқанын естімейміз. Осыған қарап, қытай халқының «Үлкен өзендер ақырын ағады, ал ақылды адамдар ақырын сөйлейді» деген мақалы бекер айтылмағанын түсінеміз.

Мінез адамның ішкі әлемінің айнасы. Жүсіп Баласағұн «Кісіге екі дүниеде пайдалы – ізгі іс немесе мінезі түзулік. Екіншісі – ұят, Үшіншісі – әділдік. Бұл үшеуі арқылы адам шын бақыт табады» — деген. Бұл тұста ұят пен әділдік мінездің сыңары екенін ойда ұстау қажет. Білім ізгілікке жұмсалмаса, оның пайдасынан зияны артуы әбден мүмкін.

Сондықтан Шығыс даналығы адам мінезінің көркемдігін алдыңғы орынға шығарса керек. Адамзатты өркениет шыңына жетелеген ойшыл Әбу Насыр әл Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес,  тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» — деген екен. Елге адал қызмет етер адам – әділдік, жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білім, оларды тәжірибеде қолдана білу, адалдық және парасаттылық, белсенді өмірлік ұстаным сынды қасиеттерге ие болуы басты міндет.

Еліне қызмет етерде алар үлесі басым мінез-құлық жайлы сөз болғанда Хакім Абайға тоқталмай кете алмаспыз. Алаштың Абайы «Тегінде адам баласы, адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» — деген сөзін тілге тиек етіп, білім мен мінездің, ардың адам өміріндегі орнына ерекше тоқталған. «Ғылымды, ақылды сақтайтын мінез деген сауыты болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсе қызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады», — деп ескертеді. Дана Абай әсіресе адамның танымдық қызметін арттыратын мінездің қырына баса көңіл бөледі. Ол жастарды білім-ғылымға шақыра отырып, төк қажырлылықтың, құштарлықтың арқасында ғана ғылымға қол жеткізуге болатынын айтады. Адамның көңілін көтеріп, бойына қуат беретін сезімдердің бірі – өзгеге еш міндетсінбей  қол ұшын беру. Ар-ожданы таза адам ғана бар шынайы көңілімен өзгенің керегіне жарайды. Адамды көздеген мақсатына, асыл арманына жеткізетін, ғылым-білімді меңгеруге мүмкіндік тудыратын жан қуаттарының бірі – ерік-жігер, қажыр-қайрат. Ерік-жігер адамның ез мінез-құлқын меңгере алу қабілеті, оны әр түрлі кесапаттардан, пайдасыз құмарлықтардан қорғайды. Абайдың айтуынша «жан қуаты деген қуат бек көп нәрсе… Бұл қуаттың ішінде үш артық қуат бар… ол жоғалса, адам баласы хайуан болды, адамшылықтан шықты» — деп, адамның өзі таңдап түскен жолынан таймауына ерік-жігері мен қажыр-қайратының ғана кезектесетінін еске салады.

 

Читайте также:

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *